қазрусeng
:
:
 
[barїq] барық
Barïq > барық: Осы атаудың сол кездердегі екі мағынасы болды. Оның біріншісі eb barïq > еб барық – үй, оның айналасындағы барйық дүние мүлкі, атап айтқанда үй иесі отбасы, оның туысқандары, малы мүлкі, жайлау-қыстауы; екіншісі “адынчығ барық” - сол үй мүлкісінің өлікке арнаулы киелі кешені яғни өлікке арналған қорғаны. Қазіргі ұғымдағы «мола, бейіт, көр, көмбе, қорған». Көне түрік тілінде barïq > барық «қорған, тас кесене, текшетастар» деген мағынада. Махмұд Қашғаридың «Түрік тілдерінің сөздігінде» barïq > дүние мүлік деген мағынада қолданылады. Этнографиялық қолданысының төркіні де Махмұд Қашғаридың «Түрік тілдерінің жинағы» сөздігінде “ебін барығын сатығсады” (үй мүлкін сатқысы келді) деп кездеседі. /Divanu lugat-it –Turk. Tercumesi, III cilt, Geviren Besim Atalay , Ankara, 1986, S.333./ Мұнда «барық» дегенде қандай бір қалашық, қала, қорған емес. Өйткені қала, қоршаулы тұрақты қоныс, қорғандарды “балық”, “қорған” деп атайды. Бітіктастарда бұл атау “ебін барықын бұздұм” тіркесінде және “адынчығ барықығ йаратұртым” тұлғасында кездеседі.Көне түріктердің ғұрыптық кешендерінде міндетті түрде жалпақ тастан жасалынған төртбұрыш «сандық, абдыра іспетті» жалпақ тастарды кешеннің төр жағына орналастырып қояды. Осыны біз көне түрік атауы бойынша барық дедік. Аталмыш тас қапталдарының бет тұстары өте көркем әшекейленді. Онда әр түрлі ою өрнектер, құс, феникс, арыстан, көне түрік таңбалар мен мәтін де қашалынды. Еерттеушілер осы ғұрыптық төртбұрыш тастарды әлемге, әлем тауына, бәйтерек ағашқа және т.б. ұқсатып қарастырған («оградки, ящики, блоки на древнетюркских поминальных памятниках имитируют схему космической горы...» - В.Войтов , «оградка-изваяние-балбалы – есть (культовое) сооружение, структура которого обусловлена мировоззренческими универсалиями, есть модел мира» Л.Н. Ермоленко және т.б. [Войтов В.Е. Древнетюркский пантеон и модель мироздания в культово-поминальных памятниках VI-VIII вв. М.,1996 С. 117.; Ермоленко Л.Н. Средневековые каменные изваяние Казахстанских степей (типология, семантика в аспекте военной идеологии и традиционного мировозрения). Новосибирск, 2004. С. 69.). Біздің пікірімізше аталмыш барық орнату дәстүрінің мәнісі көне түріктердің космостық тауы емес, әлемнің моделі, тіпті бәйтерек те емес. Мұнда марқұмның көзі тірі кезінде қолданылып жүрген киіз үйдің төр жағында болатын сандығы, тұскиізі, сырмағы бейленген. Аталмыш төртбұрыш тастар көбінесе бес қапталды (төрт қапталын жауып тұратын қақпақ қапталды) болып келеді, ғұрыптық кешеннің төр жағында тұрады, басқаша айтқанда шығыс жақтан батысқа қарай балбал, бітіктас, одан бәдіз, одан кейін барық орнатылған. Кейбір барық қапталының ортасында арнайы тесік те бар. Сондықтан көне түріктердің ежелгі дәстүрі бойынша марқұмға арналған ғұрыптық кешенді яғни барықты орнату кезінде сол тұлғаның және оның үй ішінің (eb barïq > «киіз үй барық, үй мүлік») ерекше белгісі ретінде киіз үйдің төр жағында тұратын сандықтың, тұскиіздің, сырмақтың ою өрнек бейнелерін жалпақ тастарға қашап безендіріп қойды. Мұнда барық пен бәдіз орнату дегеніміз жоқтау жосынында, ғұрыптық қызметтер атқаруда қайтыс болған тұлғаның бет бейнесін және оның үй ішінде, өзі қолданып жүрген заттарын тастан жасап қою арқылы оны еске алу болып табылады. Барық деген марқұмның «Тәңіріге ұшып киіз үйден барық-тас үйге жетті» деген мән-мағынада қолданылған ырым-жосындық белгісі.
«Өнгөт» ғұрыптық кешеніндегі барықКүлі чұр ғұрыптық кешеніндегі барық
Алтын тамған тархан ғұрыптық кешеніндегі барық«Шатар чулуу» ғұрыптық кешеніндегі барық (В.Войтов бойынша)
Көне түрік барық Баян-Өлгий аймағы, Цэнгэл сұмыны«Олон нуур» ғұрыптық кешеніндегі барық (Д.Баяр, Р.Мөнхтулга бойынша)
Мұнда жоқтау, ас беру кезінде бәдіз бен барық марқұмды еске алудың ерекше белгісі болып табылады (көне түріктерде «тозақ» деген ұғым жоқ-ты) . Түріктердің аруақты тұлғаларды құрметтеу этномәдени дәстүрінде барық және бәдіз орнатылмаған бірде бір кешендер жоқ дерлік. Сол себептен де қаған-тегіндерге, билік иелеріне, батыр тұлғаларға арналған барықтар мен бәдіздер өзара әскери-саяси билік жүйесінің атақ лауазымдарына байланысты көркемділігі және құрамы жағынан біршама ерекшеленіп тұрады.
Күлтегiн ғұрыптық кешені және бiтiктасы
12
Он Оқ: ұлым: Түргеш: қағанда: Мақрач: таңбашы: Оғыз: Білге: таңбашы: келді: Қырғыз: қағанда: Тардұш: Інанчұ: Чұр: келді: Барық: ітгүші (жонушы): бәдіз: жаратушы: бітіктас: ітгүші(жонушы): Табғач: қаған: чықаны(жиені) : Чең Сеңүн: келді:

On oq: oγulum: Türügeš: qaγanta: Maqrač: tamγačï: Oγuz: Bilge: tamγačï: kelti: Qïrqïz: qaγanta: Tarduš: Ïnanču Čur: kelti: Barïq156 : itgüči: Bediz157 : yaratïγma: bitig taš158 : itgüči: Tabγač: qaγan: čiqanï: Čеŋ Seŋün: kelti:

Электронды тарихи-мәдени қордың негізі "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасының "Шығыстану секциясы" Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты тарапынан 2005 жарияланған "Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері" сериясының 2-томы "Н.Базылхан "Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері (Орхон, Ениесей, Талас)" Алматы: Дайк-Пресс. 2005, 252 б. +144 бет жапсырма" атты ғылыми еңбек болды. Ғылыми редакторлары: т.ғ.д., проф. М.Қ.Әбусейтова,
ф.ғ.д., проф.Б.Бұхатұлы.
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры т.ғ.д., проф. Меруерт Қуатқызы Әбусейтоваға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіреміз.


қазрусeng
© Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университет.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті тапсырысы бойынша жүргізілген
"Жазба және этноархеологиялық деректемелер бойынша қазақ тілінің тарихи-мәдени ақпарат көздерін жасау" жұмысы шеңберінде жасалған.