қазрусeng
:
:
 
[Ačïde] Ачыде
«Ачыде». Ačï+de –көптік топтамалау мағынаны білдіретін тұлғасы (бөрілер, қасқырлар деген мәнде). «Туцзюелердің (Түріктердің) арғы тегі – Пинлян (Ганьсу?) жеріндегі аралас хулар болатын. Олардың әулеттік атауы – Ашина. Соңғы Вейдің Тайву патшасы Цзюцюй әулетін жойған кезде Ашина 500 отбасын бастап жужуларға (жұжандарға) қашып барып паналаған. Олар ұрпақтан-ұрпаққа Цзинь –шаньда (Алтын тау?) тұрып теміршілікпен шұғылданып келеді. Цзиньшань сырттай қарағанда доумоуға (дулыға, тымақ?) ұқсайды, ал доумоу әдетте туцзюе деп те аталады, сондықтан олар өздерін «туцзюе» деп атаған. Сихайдың (Батыс теңіз, Каспий?) жоғарғы жағында мемлекет құрған, кейін оны көрші мемлекет жойып адамдарын кәрі-жас демей түгел қырып тастаған. Сөйтіп, (көрші ел әскерлері) бір ұл балаға келгенде, оны өлтірмей, аяқ-қолын кесіп үлкен бір сазға апарып тастайды. Сонда бір қаншық қасқыр әлгі балаға үнемі ет апарып беріп тұрған екен. Бала сол етті қорек етіп аман қалады. Кейін ол бала қасқырмен қосылып, қасқыр буаз болады. Көрші мемлекеттегілер тағы да адам жіберіп әлгі баланы өлтіргенде қасқыр баланың қасында екен. Олар қасқырды өлтірмекші болады, бірақ қасқыр құдайдың құдыретімен қас қаққанша теңіздің шығыс жағына өтіп, бір таудың басына шығып кетеді. Ол тау Гаочанның солтүстік-батысында екен, таудың етегінде бір үңгір болыпты, қасқыр сол үңгірге кірсе, үңгір ішінен аумағы 200 лиден астам , шөбі шүйгін жазыққа тап болады. Кейін келе қасқыр 10 ұл туыпты , соның ішіндегі біреуінің аты Ашина екен, ол ұлдардың ішіндегі ең ақылдысы болғандықтан , ел билеушісі болады. Ол орда есігіне бөрінің басы салынған ту тігіп қояды, бұл оның өз тегін ұмытпайтындығын білдірген екен» / «Суйшу» («Туцзюе баяны») / . (Қараңыз: Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах обитавших в Средней Азии в древние времена. Алматы, 1998. С. 224-225. ; Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. 4-том. Әулеттік тарихи жылнамалар. 2-бөлім. Алматы, 2006. 65-66б. Түріктер. Жыужәндар. ( Түпнұсқасымен салыстыра отырып орыс тілінен аударған, алғы сөзін түзген және құрастырған Қойшығара Салғараұлы.) Алматы, 1999. 30-32 б.) Алғашқы түрік қағандарының бірі 571-582 жж. билік құрған, Татпар (Құтлық) қаған ғұрыптық кешендегі көне соғдыша бітіктаста «бөрі» (ашина, ашиде) бейнесі бедерленген. Ал ондағы балбалдардағы таңбалар да қызықты. Татпар қаған бітіктасының жоғарғы тұсында бөрі (қасқыр) бейнесін зерттеушілердің басым көпшілігі «Ашына /Қасқыр/» туралы («...қасқыр 10 ұл туыпты , соның ішіндегі біреуінің аты Ашина екен, ол ұлдардың ішіндегі ең ақылдысы болғандықтан , ел билеушісі болады. Ол орда есігіне бөрінің басы салынған ту тігіп қояды, бұл оның өз тегін ұмытпайтындығын білдірген екен») аңызбен байланыстырады. Ол аңыз көне қытайдың әулеттік жазбаларында кездеседі. (Таң патшалығы дәуіріндегі «Суйшу» /636 ж./ , «Чжоушу» /636 ж./ кітабы). / .
Электронды тарихи-мәдени қордың негізі "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасының "Шығыстану секциясы" Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты тарапынан 2005 жарияланған "Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері" сериясының 2-томы "Н.Базылхан "Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері (Орхон, Ениесей, Талас)" Алматы: Дайк-Пресс. 2005, 252 б. +144 бет жапсырма" атты ғылыми еңбек болды. Ғылыми редакторлары: т.ғ.д., проф. М.Қ.Әбусейтова,
ф.ғ.д., проф.Б.Бұхатұлы.
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры т.ғ.д., проф. Меруерт Қуатқызы Әбусейтоваға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіреміз.


қазрусeng
© Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университет.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті тапсырысы бойынша жүргізілген
"Жазба және этноархеологиялық деректемелер бойынша қазақ тілінің тарихи-мәдени ақпарат көздерін жасау" жұмысы шеңберінде жасалған.