Құс атауының iлкi формасы баба түрiк тiлiндегi нұсқасы qut “құт” болып, одан тiлдiк даму заңдылықпен құт > qus құс болып өрбiдi деуге келедi. Құт тұлғасы құс, құр, қыр+ғи, құз+ғын, қаз, сұң+қар, кез-құйрық т.б. атауларындағы ұқсас құрылымдарымен түбiрлес тектес, осы семантикалық өрісіне “құс, қос, қыз, қыр+қын” т.б. сөздері де төркіндес. Басқаша айтқанда осы атаулардың морфемалық мағынасы “ екі, қос, жұп қанатты, қос қанатты” дегенді білдіреді. Жалпы, далалық көшпелі өркениетте құс салу, аң аулау, қолға үйрету, баптап баулу, жарату, қайыру ежелден қалыптасқан құсбегiлiк, саятшылыққа жататын аңшылық дәстүрлi кәсiп екенi белгiлi. Көне түрiк тiлiнде әсiресе бiтiктас мәтiндерiнде құсқа байланысты тырна /turunjaja/, /taqiγu/тауық, қаз /qaz/ т.б. сөздері ғана кездеседi, алайда бүгiнгi түрiк тiлдерiнде қолданылып жүрген атауларымен салыстырғанда мардымсыз белгiленген. Бұдан көне түрiк көшпелiлері құстан хабар ошарсыз жүрдi деген ой тумаса керек. Қазақтарда: бүркiт, сұңқар, лашын, ителгi, ақ сұңқар, күйкентай, тұрымтай, жағалтай, бөктергi, қаршыға, тұйғын, мықи, қырғи, құладан, кезқұйрық, жұртшы, құмай, тазқара, сақалтай, қарақұс, күшiген, сарыш (жамансары), бидайық, т.б. аңшы құстардың атаулары кездеседi. Бұлардан құсбегiлiк пен саятшылыққа бүркiт, сұңқар, лашын т.б. құстар кеңiнен қолданылады. Осыған байланысты Түрiк Елі дәуiрiнде құс бейнесi бедерленген ескерткiштер, тасмүсiндер, әр түрлi заттар мол кездеседi. Олардан мысал ретiнде : Күлтегiннiң бас тасмүсiнiндегi құс бейнесi (1967 ж. табылған), Күлтегiн, Бiлге қаған ескерткiш-кешенi маңындағы тас қорғанындағы құс бейнесi, Білге қағанның киелі ескерткіш кешенін табылған алтын тәждағы құс, Алтын тамған тархан бiтiктасындағы құс бейнесi, Күлi-чұр ескерткiш кешенi тас қорғанындағы құс бейнесi, Жетiсу тасмүсiнiндегi құс бейнесi т.б. жүздеген деректердi келтiруге болады. Бұл құс бейнелерiн зерттеушiлер бүркiт, көгершiн, самұрық, тоты тәрізді деп жорамалдайды. Алайда нақтылы ғылыми негізделген жан-жақты зерттеулер әлi де қажет деп білеміз. Табиғатпен туа бiтiп, бiте қайнасқан аңшылық, малшылық шаруашылықты ерте дамыта бiлген далалық көшпелiлер үшiн көк аспанда қалықтап ұшқан қыран құстарды аңғара бiлiп, олардың қырағылығына, алғырлығына тәнтi болып, ежелден қолға қондырған сол дәстүр бүгiндерде өз заңды сабақтастығын жоғалтпай келе жатқанын айта кеткен абзал. Әрине қазақ халқының құсбегілігі дара тұрғандай. Шығыс халықтарының аңыз-ертегiлерінде феникс, грифон, сенмурв, самұрық, шойынқара т.б. ертегiлiк “арыстан денелi, бүркiт басты” алып құбыжықтар туралы жиi кездесiп жатады. Қыр+ан, қыр+ғи, қар(ы)+ға=қар+ға, қар+шыға, қар+лығаш, қыр+ғауыл, сұң+қар деген атауларындағы қар, қыр тұлғалары да осы құт, құс түбiрлерiмен бiр желiлес ұқсас семантикалық өрiстi бiлдiредi. Бүр+кiт яки “бөрi+құт” дегенiмiз қасқырдай құс, көктiң құтты иесi болмақ. Хакас тiлiнде бүркiттi қарақұс, киiкчiн деп атайды. Көне түрiк таным түсiнiк Тәңiрлiк ұғым бойынша құс көктiң иесi, аспанның киесi, жоғарғы әлемнiң елшiсi, қанаттылардың төресi саналады.
Демек, байырғы түрiктердегi үштiк (Тәңiр-Кiсi-Жер) құрылым бойынша төрелiк билiкте мәңгілік көк аспаннан жаратылады деп танылады. Оның айғағы да бар.
“Teŋiriteg: Тeŋiride: bolmuš: Türük :Bilge :kaγan:” “Тәңірiтектi Тәңірiден болған (Тәңiрлiк) Түрiк Бiлге қаған” деп, Күлтегiн, Білге қаған бiтiктасы және де Онгин, Тұнық-ұқ, Қарабалғасұн бiтiктастарында т.б. көптеген ескерткіштерінде “Тәңiрі” сөзiн оған қатысты жосын жоралғы жиi ұшырасады. (“Тәңір” жайында қараңыз: (1. К высшему уровню древнетюркской мифологии относитяся один обьект- Täŋri Тенри что означает “небо” и “бог”. ... высшее божество – небо в древнетюркских текстах харатеризуется как невидимое и не участвующее в повседневных обыденных событиях жизни человека. 2. Umaj – Умай а) чертами женского существа, б) карающая функция; Отношения между обьектами первого и второго уорвней выражается в том что Täŋri соотносится с верхом, небом, Umaj – с низом, землей. 3. К третьему уровню относится Yduq jer sub (священная земля-вода) а) благодательная функция б) карающая функция; 4. К червертому уровню, по-видимому, можно отнести культ предков. // И.В. Стеблева К реконстуркции древнетюркской религиозно-мифологической системы // Тюркологический сборник-1971. М., 1972, 213-226с.) Тәңiр жарылқаушыдан игi жақсыны тiледi, оған табынып тәңiрдiң киесi де, иесi де құсқа баланды. Шын мәнiсiнде байырғы түрiк дәуiрiнде қыран құстың қырағылығы, алғырлығы, көк тағылығы ерекше мән мағынаны бiлдiрдi. Оған сай этномәдени үрдістері қалпытасып дәстүрлі ұғымдар да бекіді. Сондықтан болар билiктiң белгiсi, рәмiзi ретiнде бүркiт, сұңқар сияқты қыран құстардың бейнесi айрықша мәнде қолданылды. Мұны Орталық Азиядағы тау, жартастарда кездесетiн петроглиф суреттер, археологиялық қазбалардан табылған деректер және жазба ескерткіштер растайды. Тiптi, сол байырғы замандардан көшпелiлер ту-байрақтарында қыран құстарды рәміздеп қолданылған деп айтуға да болады. Ежелгi көшпелiлерде хат-хабар алмасу кездерiнде ресми iс құжаттарына Тәңiрiнiң ырымы тез жету, құстай ұшып бару, шапшаңдық жылдамдықтың белгiсi ретiнде құстың қауырсынын тағып жiберетiнi туралы заттық айғақтар, жазба деректер бар. Сол қауырсынмен бiтiк жазуларын жазды деп топшылауға да болады. Ондай белгішелерден бізге жеткендерінде “Мәңгілік көк Тәңiрiнің күші-дүр, ұлы қағанның жарлықты елшiсi, асықтырылсын” деген жазулар болды. Баһадүр батырлар болат дұлығасының шекесiне қыранның қауырсынын тағып жүрдi. әмір Темірдің, Шайбаниханның т.б. хандардың атақ-лауазымы да қыранға байланысты “Сахиб-қыран” деп аталатыны жайлы жазба деректер бар. Темүчіннің атағы да шың+құс деген құрылымнан өрбіп Шыңғыс болды деп жорамалдауға болады. Біздің қазақтардағы үкі тағу да Тәңiрдiң елшiсi қорғасын деген ырым жосындықтың белгiсi. “Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай” деген аталы сөз содан қалса керек. Көне түрiк бiтiктастарында učoq/ očuq/ (ұчоқ) (učuq – хищная птица (?) (Древнетюркский словарь Л., 1969. С.604.); учук-летать, кус учукчадыр- птица летить (Радлов В.В. ОСТЯ . СПб., 1911. том-1., часть-2. С.1724) деген сөз “құс” деп жорамалдаушылар бар. Оны бұрыңғы зерттеушiлер Тұнықұқ бiтiктасындағы “Keyik ijü:tabïšγan jijü:olurur ertimez: budun: boγuzu: toq erti: yaγïmïz: tegіre: uč oq teg erti: biz : seg: ertimiz: anča olurur erikli:” (Кейiк жеп, қоян жеп отырған едiмiз, бой-халықтың тамағы тоқ едi, жауымыз “тікрейген” оқтай едi. Бiз күштi едiмiз. Сонша ерiктi отырдық) деген сөйлемдi қате ұққаннан болса керек. Өйткенi, қазiргi түрiк тiлдерiнiң барлығында “құс, құш, кус, гуш, қош, хус” деп айтылады. Көне тұңғыс-манжұр тiлдерiнде гасқа, гасга “құс, тырна”, көне моңғол тілінде шивағұн “құс” деп аталады. Қазақ, моңғол тілдерінде қыран құстардың ортақ атаулары бар: бүркүт / бүргүд, сұңқұр / соңқұр, шоңқұр, лашын /начын, ителгі / идлег, тұрұмтай / торұмдай, жағалтай / жағалай, жағалдай, қаршыға / қарчыға, қырғи / қырғұй т.б. Мұның өзі қазақ, моңғол этностық ортақтықты, байырғы болмыстың желілестігін аңғартады. Бұл ретте байырғы атаулардың этимологиялық әрі реконструкциялық зерттеулерін жандандыру қажет. Онсыз біз өткендегі этнотектілік болмыс-бітімдерді нақтылы қалпына келтіре алмаймыз. Мәселен, qïr + qïr // qïz > қыр+ғыз, qurï+qan>құры+қан, qar + luq >қар+лұқ, qoy + qïr >ұй+ғұр (хой+хұр), bul + qar > бұл+ғар, bas // baš+qur >баш+құр (баш+құр+т), qïr // ker+iye >кер+ей, qar//qaz+aq > қаз+ақ т.б. атаулардың барлығы дерлік қыран құстарға тікелей байланысты тотемдік-ырым-жосындық негізінде қалыптасқан этнонимдік сипатқа ие болған атаулар деуге толық негіз бар. Өйткені, байырғы және қазіргі түрік тілдерінің семантикалық қолданыс өрісі “қыр // құр // қар // кер // ғар // ғұр // қаз // кез” тұлғалардың төркіндес түбірлес болғандығын және де сол тұлғалардан туындаған атаулары ортақ семантикалық байланысты білдіретіні айғақ бола алады. Осы этнонимдердің байырғы дәуірлердегі атаулардың семантикасы жайлы Әбiлғазы Баһадүрханның “Шежире-и түрiк” еңбегінде Оғұз қаған аңызына байланысты оның 24 ұл немересiнiң құстары, таңбалары жайлы да осы құт, құс танымымен сабақтастырып айтуға болады. Мысалы, шежіреде аталатын құстардың атауы: сұң+қар, күйгенек, көбек сары, тұрымтай, қыр+ғұ, қыз+ыл қар+жығай, көж+ген, жере лажын, сарыша, бақари (қарға), су бүр+кiт,ала тұғанақ, бұғдайнақ, құмай, енчары, йағалбай, бiқұ, қар+шығай, ителғұ, тұйғұн, чере қар+чығай. Махмұт Қашғаридың “Түрік тілдерінің жинағы” (Диуани-лұғатит Түрік) сөздігінде “ым білсе ер өлмес” деген сөз бар. Мұның себебін М. Қашғари былай түсіндіреді. Ордадағы қолбасшылары жауынгерлеріне жасырын ым белгілерді үйретеді, оны қару-жарақ немесе құс аттарынан береді. Егер түнде екі жауынгер кездесе қалса бірінен-бірі сол ым-белгіні сұрасады. Ым біліссе өз адамы деп жолымен жүре береді. Ымды білмесе соғысады. Оның қазақшасы “ымды білмеген дымды білмес”. Бiздiң қазiргi қазақ тiлiндегi құт қону, басына бақ құсы қону деген тiркесiнде кездесетiн “құт” сөзi – “құс қону, тәңiрден береке келiп қону, көктен құт түсу” деген мәнде қолданылғанға, құттың өзi тәңiрлiк сый сияпаты деген танымнан қалғандығына соның сарқыншағы деп айтуға итермелейдi. Байырғы көшпелiлерде әсiресе түрiк дәуiрiнде бақсы-шамандарда бүркiттiң тұяғы, қанаты, қауырсыны “құт”-пен тiлдесу (алтайша “құш пөрүк” – қам, шаман, бақсылардың бөрігі) “құтыру” үшiн қолданылды. “Құтыру” (саха-якуттарда бақсының ойынын “кутурар”) деген сөздi бүгiнгi түсiнiкпен “жүйке ауруы” деп танымаған дұрыс, “дауылды немесе жазғытұрым ит пен бала құтырады” дегенмен салыстырыңыз. Тәңiрлiк түсiнiкте “құт” (жан, аруақ), сұс, сүне, йұла т.б. атаулары адамның жаны, аруағы Тәңiрден құт болып көктен келедi, жерге құт болып қонады да одан өлгенде құты қашып, жаны ұшып (көне түрiк бiтiктастарында : ұча барды) кетедi. Қазақтардағы осы құт танымының сарқыншағы “Бүркiт биi” бар. Моңғолдарда күрестi құтты деп санап, “қаршыға, сұңқар, лашын” т.б. құстың атауларымен күресші палуандарына атақ дәрежелерiн үйлестiрiп, сол құстардың бейнесiнде палуан құлаштау, қанат жаю, самғау билерiн орындайды. Түрiк тектес этностарда “құс тұмсық”, “құс мұрын”, “құс қанат” т.б. қыран құстардың бейне келбетiн кескiндеген ою өрнектер көп. Мұның барлығы қыран құстың көшпелiлер болмысында әсіресе түрік дәуірінде ерекше орын алғанын аңғартады. КТЭ-ның қыр-сырлары археологиялық, жазба деректері т.б. көптеген материалдар негізінде тиянақтала зерттелуінің маңыздылығы орасан. Әсіресе қазақтың этномәдени келбетінде көне түрік болмысының сарқыншақ-реликтілік үлес салмағын парықтаудың сонымен қатар диахрондық-синхрондық аспектіде күңгірт, көмескілеу тұстарын жаңғыртудың өзектілігі бар екенін айта кеткен абзал. Қазақ халқының тарихында түрік-моңғол тектес этностардың атқарған рөлі үлкен. Қазақ тарихының VIII-XIV ғасырлар тұсындағы түрік-моңғол дәуірінің этносаяси, этномәдени негіздері күні-бүгін толыққанды зерттелмей келеді. Әсіресе түрік-моңғол ономастика жүйесінде зерттелмей келе жатқан қырлар аса мол. Мұнда топоним, антропоним, этноним атаулары тарихи кезеңдерге қарамастан едәуір тұрақты сақталып келетін лексикалық топқа жатады. Демек аталмыш құбылыстар белгілі бір этностың тарихына тікелей байланысты. Әлбетте тарихи күрделі оқиғаларға, этносаяси бірлестіктері мен құрылымдарға байланысты өзгеріп отыратыны да түсінікті. |