қазрусeng
:
:
 
[bitig // bitik] бiтiк
Көне түрiк сөз, бiтiг, бiтiк - «жазу, сызу, жазба, мәтін , хат» деген мағынаны білдірді (Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий. Санкт-Петербург, 1911, том. IV, часть, 2, С. 1775-1778. ; Марғұлан Ә.Х. Қазақ жазуының тарихы // «Жұлдыз» журналы, Алматы, 1984. № 8, 203-205 б.; Марғұлан Ә.Х. Найман, Керей, Оңгiттердiң жазулары // «Жұлдыз» журналы, Алматы , 1991. 70-76 б. Академик Ә.Х. Марғұлан «түрiк бiтiк» деп жазған. ; Базылхан Б. Эртний түрэг бичээсний хэлний үгийн бүтэц (Көне түрік жазба тілінің сөз құрылысы) Улаанбаатар, 1984. 57 б. «biti-, bitir-, bitig (біту, бітіру, бітік) . Бітік деген көне түрiк тiлiнде biti> бiтi- «жазу, сызу» деген мәндi түбір морфемадан туындаған. Қазiргi түрiк тiлдерiнде «бiтiк, бiтiг, бижик, пичик, пiчiк, пытық, бүтүк, бiдiг» және т.б. тұлғаларында кездеседi. Көне түріктер өздерінің төлтума жазуын «түрүк бітік» деп атаған. Түрік Елінің ресми жазуы болып табылатын түрік бітік көптеген түрік тектес этностардың тіл-сөйленістерін бір емлеге, бір тәртіпке ықшамдай білген фоно-морфемдік «әмбебап» жазу. Көне моңғол тiлiнде бiчi- «жазу, сызу» > бiчiг «жазу», бiчiгечi – «жазушы, бiтiкшi» , бiчiглекү- «жазбалау», бiчiмел- «жазба нұсқа», бiчiлге-«жазу ерекшелiгi» және т.б. сөздерi туындаған, тұңғыс, манжұр тiлдерiнде бiчi- «жазу сызу», бiтiг, бiтехе, бiтхе, бiчхе «жазу, мәтін» , битхей « кiтап, кiтаби» , битхеси « жазушы». Бiтi-, бiтiк, бiтiг, бiтiклiк, бiтiкчi, бiтiгүчi, бiтiт- «жазу, көшiру, сызу» және де пыч-, пыш- «кесу, керту, пычақ, пышақ» және т.б. тұлғалы сөздерi бiр түбiрлес ортақ семантикалы атаулар. Қазiргi түсiнiкпен айтқанда, пышақ пен бiтiк сөздерi мағыналық жағынан байланыссыз көрiнгенiмен, ататүрiк дәуiрiнде тiптi, алтайлық тектiл кезеңдерiнде * pït- ( pït -, pïč -) тұлғалы бір түбiр морфемалы болды. Оған +//-čaq , -tik түбiр немесе қосымша морфемалар жалғанып * pït+ čaq > pïtčaq > pïčaq > bïčaq ( кескiш, кiшкентай зат, пышақ ) ; * pït+tïk > pïtïk > bïtïk > bitik ( кесiлген, кiшкентай , бiтiк, жазу) тұлғасында өрбiдi. Сондықтан қытай жылнамалардағы «(солтүстiк жабайылар) ағашты оюлап өрнектеген жазулары бар, оны шумақтап уәзiрлерi кеңесте талқылайды» деген деректері аталмыш сөзге қатысты айтылған болу керек.
Білге Тұңықұққа арналған бітіктастар.
Түрiк тiлінің басқа тіл-сөйленістерін айтпағанда, қазiргi қазақ тiлiнде * pït- түбiр морфемасы бiз, бет, бедер, бәдiз , быт (быт-шыт ету), бытырлату және т.б. тұлғалы сөздерде сақталынды. Түрік Елінде түрік бітік арқылы бұйрық ету, жарлық шығару, үкім жолдау, мөр-таңба басу, елші жіберу, хат алмасу және т.б. мемлекеттік маңызды іс құжаттар жүргізіліп отырды. Қағанның алтынмен апталған таңба-мөрін сақтаушысы–«тамғачы», «алтын тамған тархан», ал іс құжат хатшысы – «бітікші» деп аталды. Түрік билік иелеріне арналған bitik taš> бітіктас орнату дәстүрі кең таралды. Ел тарихы қағандардың бұйрығымен ұрпаққа аманат ретінде түрік бітікпен қағазға хатталып, тасқа қашалған bengü taš > «мәңгілік» бітіктастарда бәдізделіп айшықталды. «Мың жылдық түмен күндік бітік жазуыммен біліктілігімді бекем тасқа қашадым» дейді ер жүрек түріктер.Барлық түрік тектес этностарға ортақ әрі түсінікті түрік бітік тез арада ұланғайыр аймаққа кеңінен таралып әмбебап жазуға айнала білді. Түрiк бiтiктiң кеңiстiк аумағы бүгiнгi Моңғолиядан бастап Алтай, Тува, Хакасия - Енисей, Абақан, Кем өзені, Бурятия -Байкөлi, Лена, Саха, Шығыс Түркiстан - Тұрпан ойпаты, Дунхуань, Миран, одан Қазақстан - Ертiс, Талас, Iле, Сыр, Едiл, Жайық өзендерi, Ферғана, одан ары солтүстiк Кавказ, шығыс Еуропаны қамтиды. Бұл бүкiл Еуразия құрылығын алып жатқан орасан зор аймақ екені белгілі. Көне түрік бітігі бүгінгі түрік тектес этностардың байырғы рухани мәдениетінің куәсі әрі ортақ мирасы болып табылады. Демек көне түрік бітік - дүние жүзі өркениетіндегі шоқтығы биік ірі мұралардың бірі. Түрiк бiтiк жазуынан кейін түрік этностар орта ғасырлық түрік тіліне икемдеген көне ұйғыр жазуын қолданды. Бұл жазулар Орталық Азия аумағындағы ислам дiнінің ықпалы күшті болуына байланысты XIII -XIV ғасырларда қолданыстан бiржолата шығып, түрiк тектес этностардың жадында сақталмады. Өйткенi, қазiргi түрiк тектес этностардың аңыз, ертегi және т.б. ауыз әдебиеттерiнде, жазба нұсқаларында «түрiк бiтiк» жайлы бірде-бір дерек кездеспейді. Махмұд Қашғаридiң «Диуани-лұғат-ат түрк» сөздiгiнде «бiтiк, бiтiк бiтiттi» деген сөздер кездеседi. Бұл еңбекте XI ғасырда түрiктер қолданған көне ұйғыр жазуының 18 әрпiн (Divanü Lugat^t-Türk . Kasgarli Mahmud. Tipkibasim /Facsimile. Ankara , 1990. S.5.) араб әріптерімен салыстырып көрсетедi. Демек «бiтiк» сөзi бұл кездерде қолданыста болғаны да анық.
Күлтегiн ғұрыптық кешені және бiтiктасы
14
бұнша: бітік: бітікдеуші: Күлтегін: аталығы: Йолұқтегін: бітіктедім(жаздым жиырма: күн: отырып: бұ тасқа: бұ тамға: көп: Йолұғ тегін: бітіктедім: жылар: ұлдарыңызда: тұйғындарыңызда: игіде: игі еттір: ұша бардыңыз: Тәңірі: тірі еткейінше:

bunča: bitig: bitigme: Kültegin: atïsï: Joluγ tegin: bitidim: jegirme: kün:olurup: bu tašqa: bu: tamqa: qop: Joluγ tegin: bitidim: ïγar: oγlanïŋïzdа: tuyγunïŋïzda: jegde: jegdür: ertigiz: uča bardïγïz: Teŋiri: tirigedkeči:

Бiлге қаған ғұрыптық кешені және бітіктасы
17

...qaγan: ...Yoluγtegin: bitidim:bunča: barïqïγ:bedizig: uzuγ:...qaγan:atïsï: Yoluγtegin: men: ay artuqï: törüt kün: olurïp: bitidim: bedizti:

...қаған: ...Йолықтегін: бітідім: бұнша: барықты: бәдізін: ұзұғ:... қаған: аталығы: Йолықтегін: мен: ай артық: төрт күн: отырып: бітікледім: бәдіздедім:
Ел Етмiш Бiлге қаған (Мойын-чұр) ғұрыптық кешенi және бітіктастары
47

...begnig ben ...bunča bitigig bit...

... ... бектің мен:... бұнша бітікті (жазуды) біт...
Электронды тарихи-мәдени қордың негізі "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасының "Шығыстану секциясы" Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты тарапынан 2005 жарияланған "Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері" сериясының 2-томы "Н.Базылхан "Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері (Орхон, Ениесей, Талас)" Алматы: Дайк-Пресс. 2005, 252 б. +144 бет жапсырма" атты ғылыми еңбек болды. Ғылыми редакторлары: т.ғ.д., проф. М.Қ.Әбусейтова,
ф.ғ.д., проф.Б.Бұхатұлы.
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры т.ғ.д., проф. Меруерт Қуатқызы Әбусейтоваға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіреміз.


қазрусeng
© Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университет.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті тапсырысы бойынша жүргізілген
"Жазба және этноархеологиялық деректемелер бойынша қазақ тілінің тарихи-мәдени ақпарат көздерін жасау" жұмысы шеңберінде жасалған.