Bediz > бедіз > бәдіз - көне түрік сөзі. ((Қазіргі қазақ тілінде «Бәдіз – тастан шауып жасаған мүсін». (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі . 2 том. Б-Г. Алматы, 1976. 183 б.; Қазақ тілінің сөздігі, Алматы, 1999. 90 б.) Көне түріктерде тастан жасалынған бейнелерді, мүсіндерді атаған. Оны мәрмәр, құмдақ, гранит және т.б. тас түрлерінен арнайы бәдізшілер, тас шеберлері, тас шабушылар жасады. Сөздің төркіні «bet- > бет- // bed- > бед-» түбiрлерiмен «бет, бедер, бейне, бой, дене, тұлға» деген семантикасымен ортақ мағыналы болып келеді. Демек, көне түрік тілінде «бәдіз» деген «адамның немесе жануардың бейнесін тастан шабуып жасағанын», «bediz urturtum> «бәдіз ұрғыздым» деп атаған.
| | |
Нири қағанның бәдізі ҚХР, ШҰА, Монгол-хуре. | Нири қағанның бәдізіндегі көне соғдыша мәтін ҚХР, ШҰА, Монгол-хуре. |
Байырғы түріктердің жерлеу орындары мен ғұрыптық кешендері болды. Археологиялық және т.б. деректерге қарағанда, өлікті өртеуі сирек, ал оны ат әбзелдерімен көміп жерлеу салты кең таралған. Сонымен қатар өлікті өртеп «кіндік қаны тамған жеріне» топыраққа көмген немесе құпия бір жерге жерлеген соң, оған арнайы ғұрыптық кешендер салған. Мұнда өлікке арналған бәдізді арнайы тастан шабуып жасап орнатқан. Осылайша адам мүсінін жасаудың яғни бәдіз қашаудың себебі өліктің аруағына тағзым ету, ас беру, жиын жасау секілді этноғұрыптық жосындарды орындау болды. Көне түріктерде 1. қағандардың (Татпар қаған, Білге қаған және т.б.), 2. билік иелердің (Тұңықұқ, Күлі-чұр және т.б.), 3. қарапайым адамдардың деген үш түрлі бәдіздері ерекшеленеді. Олардың көркемділігі мен көлемі көне түрік қоғамындағы белгілі бір тұлғаның әлеуметтік дәрежесіне тікелей байланысты болды. Сондықтан да ғұрыптық кешендердің көлемі , онда қашалынып қойылған бәдіздердің өлшемі әр-түрлі.
| |
«Шивээт толгйо » ғұрыптық кешеніндегі бәдіз | Моңоғлия, Говь-Алтай аймағындағы көне түрік бәдіз |
Қағандарға арналған ғұрыптық кешендерде қағанның малдас құрып отырған бәдізімен қатар оның зайыбының, туған-туыстары мен қызметшілерінің бейнелері, сондай-ақ кешен құрамына арыстан, бөрі, киік, қошқар, қой және т.б. жануарлардың тас бейнелері де арнайы жасалды. Ондағы балбалдар саны өте көп болады. Ал билік иелерінің ғұрыптық кешендерінде бір-екі бәдіз ғана қойылды. Қарапайым ғұрыптық кешендерінде бір ғана бәдіз немесе өңделінген биік тас тұрғызғандары кездеседі. Көне түрік дәстүрі бойынша бәдіздер ғұрыптық кешеннің шығыс тарапында бет жағымен күншығысқа қарай орнатылды, одан кейін балбалдар тізбегі қойылды. Сол замандардағы бәдіздерден байырғы түріктердің этномәдени болмысынан мол хабар алуға болады. Бәдізде адамның бөрік-тымағы, тон-шапаны, сақал-мұрты, шаш-бұрымы, белдік-белбеуі, әшекей-бұйымдары, қару-жарақтары, ыдыс-аяқтары секілді заттары көркем бейнеленеді. Бұл бәдіздердің хронологиясы, этникалық тегі секілді ерекшеліктерін аңғартып тұрады. Жалпы, көне түрік дәуірінің (VI-VIII ғасырлар) мүсін өнерінің ерекше туындысы аталмыш бәдіздер Еуразия даласында кең таралған. Онда Моңғолия, Алтай, Хакасия, Тыва, Қазақстан, Қырғызстан, Шығыс Түркістан және т.б. жерлерде молынан (2- мыңнан астам) кездеседі Түрік дәуірінен кейін «қыпшақ» типті бәдіздер (XI-XIII ғасырлар) кең таралды. Солардың бірі ретінде «Қозы-көрпеш, Баян-сұлу» күмбезіндегі бәдіздерді Ә.Х. Марғұлан X ғасырларға қатыстылығын тілег тиек етеді. Қазақтарда «сынтас, кісі тас, тас алып, тас батыр, тасмүсін, мүсінтас, тас ескерткіш» секілді атаулар бар. Оның барлығы көне түрік дәуірінде қалыптасқан аталмыш бәдіз қашау салтының әр түрлі кезеңдердегі атаулары. Сөйтіп, көне түрік дәуіріндегі бәдіз жасауы өлікті жөнелту, ата-баба аруағына табыну, оны сыйлау, құрмет тұту секілді қатаң ғұрыптық салттарды көрсететін ғасырлар бойында ерекше өнер туындысы болып қалыптасты.
| |
«Хөгнө Тарни» тауы ғұрыптық кешендегі бәдіз. VIIIғ. Моңғолия, Тарни өзені (Д.Баярдың сызбасы). |
Бұл дәстүр қазақтарда ислам дініне орай құлпытас орнатумен ауысты. «...Сонан не керек, XVI-XVIII ғғ. арасында бұрынгы тас мүсін жасау дәстүрі бүтіндей жойылып, оның орнына арабша жазу түсірген, қойтастар, құлпытастар белең ала бастайды. Құлпытас та төрт бұрышты шарбақтың не там үйдің күнбатыс-солтүстік жағында қадалды.
| |
Көне түрік бәдізі. Алдан-маадыр атындағы Тува республикалық музейі. | Көне түрік бәдізі. Алдан-маадыр атындағы Тува республикалық музейі. |
Адам бейнесін тасқа түсіру күнәлі болып табылғанына қарамастан тас безеуші шеберлер кейде тасты жалпы адам келбетіне жақындата шауып, оны әрбір рудың таңбаларымен, үлгі өрнегімен, қару-жаракпен,жан-жануарлардың кескінімен, жұлдыз суретімен әшекейлеп отырған...» деп жазады академик Ә.Х.Марғұлан (Маргулан А.Х. Сочинения . Том 3-4. Петроглифы Сарыарки. Гравюры с изображением вольчего тотема. Каменные изваяния Улытау. Алматы, 2003. С.22-45. Иллюстрация №1-153). (Евтюхова Л.А. Каменные изваяние Южной Сибири и Монголии // Материалы и исследования по археологии СССР. №24. М.,1952. С.71-120.; Грач А.Д. Древнетюркские изваяния Тувы. М., 1961. -94с. ; Кубарев В.Д. Древнетюркские изваяния Алтая. Новосибирск.,1984.-230с.; Войтов В.Е. Древнетюркский пантеон и модель мироздания в культово-поминальных памятниках VI-VIII вв. М.,1996.-152с. ; Баяр Д. Монголын төв нутаг дахь түрэгийн хүн чулуу. УБ.,1997. ; Баяр Д., Эрдэнбаатар Д. Монгол Алтайн хүн чулууд. Улаанбаатар. 1999. -166. ; Киселев С.В. Древняя история Южной Сибири. МИА, №. 9. М-Л.,1949.; Худяков Ю.С. Древнетюркские поминальные памятники на территории Монголии. Древние культуры Монголии. Новосибирск.,1985.; Jisl L. Vyzkum Kulteginova pamatniku v Mongolske Lidove Republice. AR. Praha, 1960, XII, №.1; Toshio Hayashi Mongoria-nu іshinin . Stone Statues in Mongolia / Bulletin of the National Museum of Ethnology. vol.21. no.1. Osaka, Japan. 1996. pp. 177-283. ; Итс Р.Ф. О каменных изваяниях в Синьцзяне // Сов. этнография. – 1952. – № 2.; Худяков Ю.С. Древнетюркские изваяния из Восточного Туркестана // Древние культуры Центральной Азии и Санкт-Петербург: Мат-лы Всерос. научной конф., посвященной 70-летию со дня рождения Александра Даниловича Грача. – СПб.: Изд-во Культ-информ-пресс, 1998. – С. 215–219.;; Елеукенова Г.Ш. Очерк истории средневековой скульптуры Казахстана. Алматы,1999. -220с.; Байбосынов К. Жамбыл өңірідегі тасмүсіндер (Каменные изваяния Жамбылской области).Алматы, 1996.-176с. ; Шер Я.А. Каменные изваяние Семиречья. М.,Л.1966.; Чариков А.А. Каменные скульптуры средневековых кочевников Прииртышия // Арехологические исследования древнего и средневекого Казахстана. Алма-ата, 1980. С.130-140. Ермоленко Л.Н. Средневековые каменные изваяние Казахстанских степей (типология ,семантикав аспекте военной идеологии и традиционного мировозрения). Новосибирск, 2004. ; Досымбаева А. Мерке –сакральная земля тюрков Жетысу. Тараз, 2002. ; Досымбаева А. Западный Тюркский каганат. Культурное наследие Казахской степи. Алматы, 2006.).