Бұл сөз бітік тастарда ұйғыр, қарлұқ және аз тайпалары басшысының атағы түрінде кездеседі, "әміршіге бағынышты мемлекеттік жоғары қызметкер" мағынасында жұмсалады. С.М.Арсал болса, мұны әскери шен деп есептейді. Бұл лауазымды байырқулардың, қырғыздардың, татабылардың, қундардың, соғдылықтар мен тоғыз-оғыз конфедерациясының құрамындағы ұйғырлардың, сондай-ақ, батыстағы Хазар қағандығына бағынышты Еділ бұлғарларының қолбасылары иеленген. Мұнымен қатар, VІІ ғ. Екінші жартысына қатысты бір армян дерегінде солтүстік Кавказ ғұндарының көсемі, әрі хазар қағанының вассалы "Алп Ылтутуер" есімі аталады. П.Б.Голденнің пікірінше батыс көктүріктердің әкімшілік жүйесінде тәуелді тайпаларға бас етіп әмірші әулетінен біреуді тағайындау дәстүрі болған және бұл дәстүрді хазарлар да қолданған. Соған қарағанда, аты аталған тұлға хазар болуы ықтимал. Ал атының өзі түрікше (Алп елтебер) күрделі есім болуға керек. Бұл жөнінде қолда бар бүкіл тарихи деректерді жинақтап, мәселеге арнайы тоқталған А.Бомбажи дәйектерінің қысқаша мазмұны былай: Көктүріктер дәуірінде ілтеберлер тәуелді әміршілер болған, лауазымды қаған беретін; жуан-жуандардың бұл атақты пайдаланғанын көрсететін дәлелдер жоқ; қытай мәтіндерінде кездесетін "чи-ли-фа", "исиех-ли-фа" фонетикалық, әрі тарихи тұрғыдан елтеберді көрсетеді; ұйғыр, қун және қырғыз ілтеберлері "ұлұғ ілтебер", сондай-ақ, елтебер мен күл елтебер арасында қызметі және өкілеттілігі жағынан айырмашылық бар-жоғы белгісіз; екінші Көктүрік империясы кезінде Қытайға елші болып баратын екі ілтеберді министр ретінде қабылдағаны мәлім. Сөздің этимологиясы мен мағынасына қатысты В.Банг теберді моңғол тіліндегі "тәбәр-ікү" (тебер-кү) және манжұр тіліндегі "тебелиен", "тебелиемлі", "тебелиеку", сондай-ақ, Күлтегін ескерткішіндегі (Кб 6) "тәбліг" сөздерімен байланысты болуы керек дегенді алға тартады. Ж.Маргуарт пікірінше тебер "табар" шенімен байланысты. Тебер мен темірді бір деп ойлайтындар бар. П.Пеллиот теб-ер немесе теб-ір түрінде бөлуді жөн көреді. Л.Расонйи теберді "теп" (тебу) етістігімен байланыстырып түсіндіреді. Ж.Р.Гамилтонның ойынша, бұл біріккен күрделі сөз (ел+тәбәр), "билігі, елі, халқы бар" деген мағына білдіреді. |