«Тәңірі». Жалпы алғанда, көне түріктердің саяси құрылымы мен билік жүйесі Тәңірлік таным-түсінігі бойынша жүйеленді. Сондықтан да түрік қоғамында оның саяси құрылымы мен билік жүйесі әскери-аумақтық үштігінің қатаң тәртібіне негізделініп, Тәңірілік танымның үштік құрылымы, үш жүйелік қарым-қатынастар бойынша сараланды. Демек, көне түрік қоғамын сол қоғамның көшпелі өркениетінде бекем орныққан «Тәңір-Кісі-Жер» деген жалпы үштік құрылымсыз түсіндіруге келмейді. Сонда көне түрік қоғамының саяси құрылымы мен билік жүйесі қандай болды деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Онда ол «1.Teŋіri >Тәңірі- 2.Kisi oγulï> Кісі ұлы , 3. Jer> -Жер» деген үштік дүниетанымға негізделінген, осыған сай құрылған Тәңірлік таным бойынша елді, мемлекетті басқаратын бір ғана қаған болды. Білге қаған, Күлтегін бітіктастарында : « Őze Kök Teŋіri asïra yaγïz Jer qïlïntaquda ekin ara Kisi oγulï qïlïnmïs kisi oγulïnta öze ečüm apam Bumïn qaγan Estemi qaγan olurmïš olurupan Türük budunïγ Elin törüsün tuta bermis iti bermis » - Үстіңгі Көк Тәңірі, астыңғы жұмыр Жер жаратылғанда, ол екеуінің аралығында кісі атаулы жаратылған екен. Кісі атаулының үстінде үлкендеріміз атамыз Бұмұн қаған, Естемі қаған билеп отырған екен. Олар билеп отырып Түрік халықты, Елін, төрелігін орната білді, жеткізе білді» деп көне түірк танымдық болмысын айқын көрсетеді. Бұл ретте Teŋіri > Тәңірі - көне түрік таным түсінігі бойынша «1.Тәңірі-2.Кісі-3.Жер» үш қырының ең бірінші тұратын үстем қыры басқаша айтқанда Türük Teŋrisi > Түрік Тәңірісі. Ол тотемдік, фетишизмдік, мифологиялық және де құдай, пайғамбарлық ұғым емес. Түріктердің түсінігінде Тәңірі - «көк аспан кеңістігі, шаңырақтай үстіміздегі әлем, дөңгелек, жарықты жоғарғы күмбез ». Бір сөзбен айтқанда , Тәңірі деген жерге қарама- қарсы көк аспан кеңістігі деген ең негізгі ұғымды білдіреді. |