қазрусeng
:
:
  “Олон нуур” ғұрыптық кешені

“Олон нуур” ғұрыптық кешені


“Olon Nuur memorial inscriptions”, “Олон Нуурын Хөндийн дурсгал”


Моңғолиядағы Хаңғай тау жоталарының оңтүстігінен 2048 м қашықтықта, солтүстік ендік бойынша 46°35΄03.0˝, шығыс бойлық бойынша 100°04΄43.9˝ жерде табылған. Бұл Баянхонгор аймағының Галуут сұмынындағы Олон Нуур деп аталатын жер.

Кешеннің көп бөлігі табылған орнында. Екі мүсінтас Баянхонгор аймақтық музейіне әкелінген.


Ескерткіш кешенінің құрамында 1 сандықтас, мүсінтастар, тас тұғырлар, 54 балбал тастар бар. Сандықтас 4 қапталдан тұрған. Үш қапталының сыртына өсімдік бейнелі ою-өрнек қашалған. Табылған кезде олар құлап, сынып, көміліп жатқан. Солтүстік батысқа қарап тұрған төртінші қаптал құламаған, бетіне ешнәрсе қашалмаған. Бір қапталында тесік бар.

Балбал тастар кешеннің оңтүстік шығысына қарай 784 метрге тізілген.

Сандықтастың оңтүстік шығысқа қарап тұрған бедерленген қапталының шетіне түрік бітік қашалған. Қапталдың шетіне тігінен екі жол мәтін, жоғарғы шетіне көлденең бір жол мәтін қашалған. Бұл жолдың көп бөлігі өшіп кеткен.

Сынып түскен басқа қапталдың бөлігінде де түрік бітік бар. Ол мәтіннің үш таңбасы ғана оқылады.


1) Түрік бітік жазылған қапталдың өлшемі: ұзындығы 221 см, ені 108 см, қалыңдығы 16 см. Таңбалардың биіктігі 4-6.7 см, ені 2.3-5.1 см аралығында.

2) Түрік бітік жазылған сынған бөліктің өлшемі: ұзындығы 93 см, ені 76 см, қалыңдығы 11 см, таңбалардың биіктігі 14.1-7.5 см, ені 4.5-6.9 см аралығында.


2005 жылдың қыркүйегінде осы кешеннің тоналғаны туралы ақпарат түседі. 2008 жылдың маусымында Моңғолия Ғылым Академиясы проф.Д.Баяр бастаған, құрамында Р.Мөнхтулга, С.Хүрэлсүх бар экспедицияны кешенді іздеуге жібереді. Экспедиция кешенді тауып, 13-16 маусымда қазба жұмыстарын жүргізеді. Аталмыш ғалымдар осы ескерткіштің фотосуреттерін, сызбаларын, транскрипциясын, оқылуын, түсініктемелерін және моңғол, ағылшын тіліне аудармасын алғаш рет жария етті.

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығы 2008 жылдың 12 желтоқсанында «Қазақстан: өткені, бүгінгісі және болашағы» (Батыс Түрк қағандығы) атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Проф.Д.Баяр кешен туралы ғылыми көпшілік алдында баяндады.

1.Баяр Д., Мөнхтулга Р., Хүрэлсүх С. Олон Нуурын Хөндийн дурсгал = A report on the newly found memorial inscriptions from "Olon Nuur" valley
2.Баяр Д., Мөнхтулга Р., Хүрэлсүх С. Олон Нуурын Хөндийн дурсгал = A report on the newly found memorial inscriptions from "Olon Nuur" valley (photos)
3.Баяр Д., Мөнхтулга Р., Хүрэлсүх С. Олон Нуурын Хөндийн дурсгал = A report on the newly found memorial inscriptions from "Olon Nuur" valley (photos)
4.Баяр Д., Мөнхтулга Р., Хүрэлсүх С. Олон Нуурын Хөндийн дурсгал = A report on the newly found memorial inscriptions from "Olon Nuur" valley (copies)
5.Баяр Д., Мөнхтулга Р., Хүрэлсүх С. Олон Нуурын Хөндийн дурсгал = A report on the newly found memorial inscriptions from "Olon Nuur" valley (copies)
Электронды тарихи-мәдени қордың негізі "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасының "Шығыстану секциясы" Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты тарапынан 2005 жарияланған "Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері" сериясының 2-томы "Н.Базылхан "Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері (Орхон, Ениесей, Талас)" Алматы: Дайк-Пресс. 2005, 252 б. +144 бет жапсырма" атты ғылыми еңбек болды. Ғылыми редакторлары: т.ғ.д., проф. М.Қ.Әбусейтова,
ф.ғ.д., проф.Б.Бұхатұлы.
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры т.ғ.д., проф. Меруерт Қуатқызы Әбусейтоваға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіреміз.


қазрусeng
© Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университет.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті тапсырысы бойынша жүргізілген
"Жазба және этноархеологиялық деректемелер бойынша қазақ тілінің тарихи-мәдени ақпарат көздерін жасау" жұмысы шеңберінде жасалған.