Тарихи анықтама
716 (728 ?) жылы
көне түрік б. т.: Ел Етміш Йабғұ (Еl Еtmis yabγu) // Білге Атачым (Bilge: Аtačïm) . Қытай деректерінде «Дуси-фу // Досу-по» (Л.Н.Гумилев – Дусифу // Тюзельбек) деген есімдер аталады. Демек бұлар Ел Етміш Йабғұның өз аты. Дәлірек айтқанда, «Атачым // «Tačam beg? // Тачам ? ».
Ескерткіш аталуы
«Онгин ескерткіші», «Тарималын хошуу ескерткiшi», «Елтеріс (Құтлық) қаған ескерткіші».
Табылған жері мен cақтаулы жері
Моңғолия, Өвөрханғай аймағы Уянга сұмыны Онгин өзенiнiң солтүстік-батыс жағалауы Мааньтын Бүрд деген жерде орналасқан. Солтүстік ендік бойынша- 46º20´; шығыс бойлық бойынша- 102º11 ´.
Тас қоршау, қорған, бітіктастың үстіңгі тұсының бөлшегі, бәдіздері табылған орнында. Бірінші бітіктастың бір үлкен, екі кішігірім бөлшегі Өвөрханғай аймағы өлкетану музейінде сақтаулы.
Ескерткіштің сипаттамасы
Ор (68-48 м), сандықтас (4 дана), бәдіз (10 дана), бітіктас (2 дана) және оның тұғырлары, арыстан тас (2 дана), балбал (154-166 дана) .
Зерттеушілердің анықтауынша алғашқыда екі бітіктас болған екен. Бірінші бітіктастың өлшемі: 2,25 х 0,64 х 0,32 м. Қазір оның бір үлкен, екі кішігірім бөлшегі қалған. Бірінші бiтiктастағы мәтiнiнің 8 жолы бет жағында, 4 жолы оң қатпалында жазылған болса, ал оның үстiңгi жағында көлденең 1 жол бәдiзделген. Балбал таста бiр жол жазу бар. Екінші бітіктас қайда екені белгісіз
Ескерткіш өлшемі
Бірінші бітіктастың биiктiгi – 1,54 м, енi-0,41 м, қалыңдығы-0,12-0,15 м.
Ғылыми зерттеулері
1891 ж. Н.М.Ядринцев ескерткiш кешендi зерттеп әлемге жариялады90 . Осыдан кейiн Н.М.Ядринцевтiң қағаз қалыптық көшiрмесi (эстампажы), фотосуреттерi бойынша 1898 ж. мәшһүр түрколог В.В.Радлов бiтiктас мәтiнiнiң алғашқы ғылыми аудармасын жасады91 . 1893 ж. Д.А.Клеменц те зерттеген болатын. 1909 ж. Фин-угор ғылыми қоғамының Г.И.Рамстедт, С.Пелси басқарған экспедиция зерттеп бiтiктасты «Тарималын хошуу ескерткiшi» деп атап, осы кешеннiң алғашқы жобалық кесте-суретiн жасады92 . Одан кейiн Х.Н.Орхун, С.Е.Малов, Н.Сэр-Оджав, Дж. Клоусон, Т.Текин, Б.Базылхан, Г.Айдаров93 және және т.б. ғалымдар тарихи, тiлдiк зерттеулер жүргiзген. 1962 ж. Моңғолия-Польша бiрлескен экспедиция мүшесi Э.Трыярский94 бітіктастың үш сынық бөлшегiн табады. 1987 ж. В.Е.Войтов95 , Д.Баяр96 , Л.Болд97 және 1996 ж. Моңғолия-Жапония бірлескен экспедициясы98 зерделей тексерген.
1999 ж. Моңғолияда жарық көрген «Моңғолия жерiндегi тарихи мәдени ескерткштер» тақырыптық анықтамасында ескерткiш кешенiндегi бәдіз-тасмүсiн, балбал және т.б.жайлы анықтама берiлiп, бiтiктастың бiр сынық бөлшегiнiң фотосуретi жарияланды99 .
В.В.Радловтың пiкiрiнше бұл бiтiктас 649 жылдары орнатылған және Елтерiс (Құтлұқ) қаған мен Елбiлге қатұнға арналған. А.Н.Бернштам, бұл ескерткiш 704 ж. Мочжо яғни Қапаған (691-716 ж. билiк құрған) қаған тарапынан ағасы Елтерiске арналған деп жорамалдайды100 . Дж. Клоусон Қапаған, Бiлге қағандар заманындағы Ел етмiш йабғұның үлкен ұлы Ышбара тамған тархан мен кiшi ұлы Алып Ел етмiш Бiлге Ышбараға арналып 731 ж. орнатылған деген тұжырым жасайды101 . А.А.Раджабов болса Елтерiс қағанның нөкерлерiнiң бiрiсi Ышбара тамған тарханға арнап 692-689 жылдары туысқандары Елетмiш йабғұ мен ағасы Чұр йоға екеуi орнатқан дейдi102 . В.Е.Войтовтың пiкiрiнше, қытай деректерiнде кездесетiн Елтерiс (682-691 ж. билiк құрған) қағанның ортаншы iнiсi Дусифу (Дусипо) //Дуси-бег пен Ел етмiш Йабғұ бiр адам деп пайымдайды103 . Ел етмiш йабғұның бiрнеше ұлдарынан оған арнап, үлкен ұлы Ышбара тамған чұр йабғұ мен ортаншы ұлы Алып Елетмiш Бiлге Ышбара тамған тархан тарапынан 719-720 жылдары орнатылған деп қарастырылады.
Қосымша мәлімет
Н.Базылхан "Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері (Орхон, Ениесей, Талас)" //"Қазақстан тарихы түркі тілді деректемелерде" атты сериясы бойынша. II том. - Алматы: Дайк-пресс, 2005. - Б.52-58.