Тарихи анықтама
730-731 ж.
көне т.б.: Bilge: Tuňuquq. Қытай деректерінде: Тон-йо-гу, Туньюгу. Түрiк Елінің Елтерiс, Қапаған, Бiлге қағандарына бiлiктi данышпан, сұңғыла тұлғасы болған - Тұнық-ұқ 646 (?) ж. Туыл (көне түрiк тiлiнде Tuγula // Toγula ) өзенi бойында туған . Ачыда (немесе Ачиде) тектi. Бiлге қағанның қайын атасы. Қытай деректерiнде Тұнық-ұқ Бiлге қағанға «Пофу немесе Софу» есiмдi қызын берген делiнген. Бұл көне түрiкше «Бөбү немесе Себү //Себек» дегенге саяды. Тұнық-ұқ 731-732 жылдары 85-86 жасында қайтыс болған.
Бiлiктi Тұнық-ұқ, Елтерiстiң iнiсі Қапаған (қытай деректерiнде Мочжо<Бекчұр) қаған (692-716 ж.) мен Бiлге қаған (716-734 ж.) тұсында табғач (қытай), қытан, оғыз, татабы, қырғыз, түргеш, соғды және т.б. елдерге жасаған жорықтарға қатысып, өзінің ақылдығымен ерекше көзге түскен. Түрiк қағандығының астанасы Өтүкендi таңдауға да көп үлес қосқан.
Ескерткіш аталуы
«Баян Цогт ескерткіші», «Тоньюкук ескерткіші», «Тоныкөк ескерткіші"
Табылған жері мен cақтаулы жері
Тұнықұқ (Тоньюкук) бiтiктасы қазiргi Моңғолия елiнiң астанасы Ұланбатырдан 65 км шығыс-оңтүстiкте, бүгiнгi Баян-Зүрх тауының батыс-солтүстiгiнде «Цагаа Овоо» деген жерде орналасқан. Солтүстік ендік бойынша- 47º21´; шығыс бойлық бойынша- 107º45 ´.
Екі бітіктасы мен сандық тас бөлшектері орнында. Басқа құрамдас бөлшектері орналасқан жердегі қоймада сақтаулы. Екі тас мүсін Моңғолия Ұлттық тарих музейіне көшірілген.
Ескерткіштің сипаттамасы
1. Төртбұрыш қамал құрылысы.
2. Төрт бағаналы кесене, тұғыр бағаналардың орны ғана сақталған.
3. Төртбұрышты жалпақ сандық тас – 2 дана, оның бiрiншiсi 2,25 x 1,25 м, ал екiншiсi 1, 7 х1,7 м.
4. Бірінші бітіктас ақшыл көк мәрмәрден жасалынған. Өлшемi- 2,43 x 0,64 x 0,32 м Бітіктасытң батысқа қараған төбесiнде үшқырлы «тұмар» іспетті таңба бәдiзделінген. Түрiк бiтiк жазулары толық дерлiк жақсы сақталған.
5. Екінші бітіктас ақшыл сұр кварц граниттен жасалынған. Өлшемi - 2,15 x 0,45-50 x 0,28 м. Екiншi бітіктастың жазулары өшiңкi, кетiлiп кеткен жерлерi бар.
6. Бәдіздер - 8 дана.
7. Шығысқа бағытталып тiзiлген балбал тастар – 289 дана /1,3 км қашықтыққа созылған/.
Бірінші бiтiктасының таңба-әріптері бiркелкi бәдiзделген. Екінші бітіктастағы таңба-әріптері одан ірілеу етіліп қашалған. Зерттеушiлер Тұнық-ұқ көзi тiрiсiнде осы бiтiктасты жазған деп есептейдi.
Ғылыми зерттеулері
Тұнық-ұқ ескерткiш кешенiн 1897 ж. Д.А.Клеменц, Е.А.Клеменцтер зерделей тексерiп әлемге жариялады172 . 1898 ж. мәшһүр түрколог В.В.Радлов ескерткiштердi” қағаз көшiрмесiн (эстампаж) алып, алғашқы аудармасын жасайды. 1909 ж. Г.Р.Рамстедт, 1925 ж. атақты моңғолтанушы Б.Я. Владимирцов, Б.Бародин бiраз қазба жұмыстарын жүргізген.
1957 ж. моңғол ғалымы Н.Сэр-Оджав173 басқарған экспедиция осы ескерткiш кешенде археологиялық қазба жұмыстарын жүргiздi. Осы қазбалар барысында ер-тұрманға арналып жасалған алтын, күмiс әшекей және т.б. зат бұйымдар, доғалақтау келген қыш ыдыстар және де көне түрiк бiтiк жазулы бiрнеше сылақтар табылған174 .
Моңғол археологы Д.Баяр аталмыш ескерткіш кешендегі бәдіздерін толық зерттеп архитектуралық өлшемдері мен ғылыми сипаттамасы, сызбаларын жасады175 .
Осы ескерткiш туралы В.В.Радлов, Х.Н.Орхун, М.Спренглинг, С.Е.Малов, П.Аалто, Р.Жиро, М.Ергин, Г.Клоусон, Ғ. Айдаров, Б.Базылхан, Т.Текин, 176 және т.б. ғалымдар мәтiндiк зерттеулер жүргiздi.
2001ж., 2004 ж. Қазақстандық экспедициялар зерттеу жүргізді.
Қосымша мәлімет
Н.Базылхан "Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері (Орхон, Ениесей, Талас)" //"Қазақстан тарихы түркі тілді деректемелерде" атты сериясы бойынша. II том. - Алматы: Дайк-пресс, 2005. - Б.106-118.