Тарихи анықтама
735 ж
көне түрік бітік т: Bilge qaγan; қыташа: Бике кэхань, «Могилян». Түрік Елінің 717-734 жылдары билік құрған қағаны. Ол 683 ж. Орхон өзенi бойындағы Өтүкенде туған. Құтлық (Елтеріс) қағанның үлкен ұлы, Күлтегіннің ағасы. Шешесі Елбілге қатұн. «Ачынұ» текті. Түрiк Елінің бiрегей тұлғасы атанған ол iнiсi Күлтегiнмен бiрге елдің қамы, жердің тұтастығы үшін күресіп, көшпелiлер тарихында ұлы империяның іргесін бекітті. Ол күллi көшпелiлер империясының тұғырын сомдап, түрiк тектес этностардың бiрлiгiн сақтай отырып, елдiң мұңы, жердiң қамы үшiн «түнде ұйықтамай, күндiз отыра алмай» күресті.
Бiлге қаған 9 жас кезiнде әкесi Құтлық ( 680-692 ж.) қайтыс болады. Түрік Елінің тағын оның iнiсi Қапаған /Қабаған/ (692-716 ж.) иеленеді. Қапағанның iнiсi Бөгүден (716 ж.) кейiн таққа отырған Бiлге қаған 19 жыл билік етеді. Бiлге қаған 13 жасында шад атағын алады. 17 жасында Таңғытқа, 18 жасында алты чұб, табғач, он тұтыққа жорық жасап жеңiске жеткен. Одан қырғыз, түргеш, қарлық, тоғыз оғыз және т.б.елдерге жорық шабуыл жасаған.
Ескерткіш аталуы
«Кошо Цайдам», «Көшө Цайдам ескерткіштері», «Білге қаған ескерткіші», «Білге қағанға арналған ескерткіш кешені»
Табылған жері мен cақтаулы жері
Ескерткiш қазiргi Моңғолия елiнiң астанасы Ұланбатырдан 400 км батыс-оңтүстiкте, ежелгi Қарақорым қаласынан 45 км солтүстiкте Орхон өзенiнiң сол жағалауындағы кең далада Күлтегін ескерткіш кешенінен оңтүстік -шығыста 500 м. жерде орналасқан. Солтүстік ендік бойынша- 47º20´; шығыс бойлық бойынша- 102º50 ´.
Қазiр осы ескерткіш кешеннің бітіктасы қоймада сақтаулы. Оның үш бөлшегі желімделініп, арнайы тұғырға орнатылған, тасбақа және тас мүсiндері және т.б. құрамдас бөлшектері "Орхон музейі" қоймасында тұр. Білге қаған мен зайыбының бәдіздері Моңғолия Ұлттық тарих музейінде сақтаулы. Текше тас алғашқы табылған орнынан қозғалған жоқ, ал бір тас мүсіннің қайда екені белгісіз.
Ескерткіштің сипаттамасы
1. Төртбұрышты қамал құрылысы -72 x 36м
2. Төрт бағаналы кесене-16х16 м
3. Бітіктас - 3,45 х 1,74 х0,78 м
4. Тасбақа тұғыр - 2,29 х 0,72 х 0,44 м
5. Білге қағанның мәрмәр тасмүсiнi
6. Білге қаған зайыбының мәрмәр тасмүсiнi
7. Тас мүсiндер - 8 дана
8. Текше тас (14 тонн)- 1 дана /2,2 x 2,7 x 1,07 м, D=0,7 м шұңқырлы /
9. Сандық тас – 4 дана
10. Арыстан тас – 2 дана
11. Қой тас- 2 дана / В.Радловтың пiкiрiнше: қара киiк тас /
12. Балбал тастар – 256- дан астам дана, олар күншығысқа қарай 2300 м-ге тізбектеліп қадалған.
Қамал құрылысының iшкi қабырғаларында суреттер салынғаны туралы қытай деректерінде айтылады. Осы қамал құрылысының сыртқы жиегi бойымен 100х55 м су шұңқұрлары салынған.
Көгілдір мәрмер тастан бітіктас жасалынған. Бiлге қаған бітіктасы тасбақа үстiне орнатылған. Оның төбесі доғалау келген, үш қос айдаһар алысқан бейнелі. Бірінші қапталының жоғарғы үшбұрышты шаршысында «қаған» таңбасы – марал /елiк, киiк/ бейнесi бәдiзделген.
Бітіктастың мәтінінің түрік бітік таңба-әріптері 2 х1,5-2 см өлшеммен 0,4-0,5 см тереңдікте жоғарыдан төменге қарай өте нақышты, бiрiңғай өлшеммен түрiк бiтiк жазуымен, оның үш қапталы мен екi қыры бәдiзделген. Ескерткiштiң төртiншi қапталында көне түрік бітік жазулы және қытай иероглифiмен сол кездегi Тан (табғач) - қытай мемлекетiнiң патшасы Синь-хуанның «көңіл айтуын» білдірген мәтін жазылған.
Ескерткiштiң түрiк бiтiк мәтінін зерттеушiлер Х (41 жол), Ха (15 жол), Хо (15 жол), екi қырындағы бiр-бiр жолды Х I, Х II және қытай жазулы қапталындағы 7 жолды Хс-деп белгiлеп қарастырады.
Ескерткіш өлшемі
Бітіктас биiктiгi – 3,33 м, енi-1,32 м, қалыңдығы- 0,46 м мәрмер тастан жасалынған.
Ғылыми зерттеулері
Осы таңғажайып ескерткiш кешендi 1889 ж. Орыс патшалық академиясы, География қоғамының шығыс Сiбiр бөлiмшесiнен шыққан Н.М.Ядринцевтiң экспедиция тобы зерттеп бүкіл әлемге жария етті120 . Одан кейiн Фин-угор ғылыми кеңесiнiң атласы162 , Орыс патшалық академиясының атласы163 жарық көрдi.
1894 ж. В.В.Радлов Бiлге қаған бітіктасының мәтінін орысша, немiсше аударды164 . Бұдан кейін В.Томсен, Х.Н.Орхун, С.Е.Малов, Т.Текин және т.б. ғалымдар түпнұсқалық ғылыми жаңа аудармаларын, түсіндірмелерін жасады165 . Бітіктас мәтіннің тілін зерттеуде, қазақ тілінде сөйлетуде М.Жолдасбеков, Ғ.Айдаров, Қ. Сартқожаұлы тәрізді ғалымдар ат салысты166 .
Осы ескерткіш кешен ЮНЕСКО-ның қолдауымен 1975 ж. Моңғолия мемлекеттiк қорғауға алынып, оған тек темiр қоршау ғана жасалынған.
Моңғол археологы Д.Баяр аталмыш ескерткіш кешендегі бәдіздерін толық зерттеп архитектуралық өлшемдері мен ғылыми сипаттамасы, сызбаларын жасады167 .
Д.Баярдың жетекшілігімен 2000-2001 жылдары Білге қаған ескерткіш кешенінде Моңғолия-Түркия бірлескен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді168 .
Археологиялық қазба жұмыстары барысында «құрбандық» деп аталатын төртбұрыш текше тастың солтүстік жағында 170 см жерден гүл өрнегі бар төрт қапталды сандық тас табылды. Осы жаңадан табылған сандық тас пен ортасында тесік текше тас екеуінің арасында 2001 жылғы қазба жұмыстары барысында топ-тобымен көмілген қымбат асыл бұйымдар көмбесі табылды. Бұл Түрік қағандар, бекзаттардың ескерткіш кешендерін зерттеуде бұрын-соңды кездеспеген таңғажайып табылымдар болып табылады. Аталмыш бұйымдар 40 х 80 см х 30 см алаңды топырақ қабатында бос қойылып көмілген екен.
Бұдан жалпы саны 17 түрлі 1878 дана күміс бұйым, 20 түрлі 78 дана алтын бұйым, 6 түрлі 26 дана асыл тас табылды169 .
Осы табылымдар ішінде жұқа алтынмен гүл өсімдік бейнелі ою бедерлеп жасаған асыл тас орнатып, бес сайлы (жапырақты) етіп көмкерілген алтын тәж ерекше қызықты бұйым екендігін айрықша атап өткен жөн170 .
Қосымша мәлімет
Н.Базылхан "Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері (Орхон, Ениесей, Талас)" //"Қазақстан тарихы түркі тілді деректемелерде" атты сериясы бойынша. II том. - Алматы: Дайк-пресс, 2005. - Б.82-105.