V-VI ғасыр.
Түрік этносаяси одақтарды бір шаңырақтың астына біріктіре білген қағанның құрметіне арналған.
«Шивээт улаан»57
Моңғолия, Бұлғын аймағы Баян-Агт сұмыны58, Арханғай аймағы Хайрхан сұмынына шекаралас «Шивээт улаан» деген жартасты кішігірім төбешіктің үстінде. Бұл жер Ханұй, Хүнүй өзендерінің құйылысы. Солтүстік ендік бойынша - 48º 47´54´´; шығыс бойлық бойынша - 102º 00´45´´.
Тас қоршау, қорған мен бәдіздері табылған орында. Бір қойтас, бір бөрістас Хайрхан сұмыны мәдени орталығында сақтаулы тұр. Ал таңбатасы болса, Хайрхан сұмыны «Жанцан тойн» ламалық (буддалық) монастрдың ауласына әкелінген.
Тасқоршау (90х40м) және он кішігірім дөңгелек тасүйінділердің ортасында дөңгелене тасүйінді орналасқан, таңбатас және оған арналған ұңғысы бар төртбұрыш тұғыртас шығыс тұсында, ал адам бейнеленген бәдіз (8 дана) және арыстан тас ( 2 дана), бөрітас (2 дана), қойтас (5 дана) мүсіндері тасүйінді мен тұғыр тастың ортасында орналасқан.
Таңбатас көкшіл түстi ертінтастан (жанартау жынысты тұнбатастан) жасалынған. Оның тегістелінген бет жағында 33-60 дана таңба бар, олар 0,5-0,1 см тереңдікте әр түрлі өлшемде соғылып қашалған, кейбірі көмескіленіп өше бастаған. Таңбалар бір-біріне жалғаса желілес қашалғандықтан олардың жалпы бір немесе екі және т.б.болуы, қосымша сызық, сызбалары толық зерттелген жоқ.
Таңбатастың биiктiгi – 1,54 м, енi-0,41 м, қалыңдығы – 0,12-0,15 м.
1912 ж. фин ғалымы Г.И.Рамстедт59 , 1927 ж. Б.Бамбаев60 , 1956 ж. Ц.Доржсүрэн61 , 1976 ж. Д.Цэвээндорж62 жалпы сипаттамалық зерттеулер жүргізді.
1976 ж. В.В.Волков, С.Н.Кореневский ескерткіш кешеннің жобасын жасады63 . 1977 ж. С.Г.Кляшторный, С.Қаржаубай64 , 1979 ж. С.Қаржаубай65 , 1996 ж. В.Е.Войтов66 1997 ж. Д.Баяр67 , В.Д.Кубарев68 ескерткіш кешеннің жалпы жобасы мен бәдіздері жайында зерттеулер жүргізді.
1998 ж. Моңғолия-Жапония бірлескен экспедициясы зерттеді69 . 1999 ж. «Моңғолиядағы тарихи мәдени ескерткіштері» ғылыми анықтамалықта екі бәдіз фотосуреті мен қысқаша мағлұмат берілген70 . 2001 ж. «Моңғолиядағы Түрк ескерткіштері жобасының» альбомында бәдіздерінің фотосуреттері жарияланды71 . 2002 ж. Қ. Сартқожаұлы аталмыш ескерткіш кешен жайында кеңінен мағлұмат бере келіп, «екінші Түрік қағанатын орнатушы Ел төресі Құтлұғ қаған құрметіне арналған киелі орын»72 деп есептейді. 2004 ж. бұл ескерткіш кешен мен таңбатасты «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Шығыстану» секциясының археографикалық экспедициясы (жетекшісі: Н.Базылхан ) арнайы зерттеді73 .
Н.Базылхан "Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері (Орхон, Ениесей, Талас)" //"Қазақстан тарихы түркі тілді деректемелерде" атты сериясы бойынша. II том. - Алматы: Дайк-пресс, 2005. - 42-44 б.