581-582 ж.
Брахми (ескі санскрит) немесе «кхароштыға» ұқсас жазулы мәтіні оқылып анықталмағандықтан оның қандай дәуірге жататыны, кім деген тұлғаға арналғаны әлі беймәлім. Бәлкім, «Маға Ұмна қаған (өзінің) әкесі Маға Татпар қаған үшін өте үлкен ..........істерін жасауды бұйрық етті. Сонымен қатар тағы ұлық (жарлықты ескерткіш тасты) орнатуды бұйрық етті» делінген Татпар қаған бітіктасында. Сондықтан бұл екі бітіктас Татпар қағанның ұлы Маға Ұмна қағанның бұйрығымен немесе оған арналып 582-590 жылдары орнатылған болуы мүмкін.
«Хүйіс толгойн дурсгал», «Хүйіс толағай ескерткіші»
Моңғолия, Бұлғын аймағы, Могод сұмыны «Хүйіс толгой» деген жерде. Солтүстік ендік бойынша- 48º´; шығыс бойлық бойынша-103º´.
Екі бітіктас Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының музейі мен зертхана қоймасында сақтаулы.
Тасүйінді, сандықтас (8 дана) және екі бітіктас. Мұнда балбалдар кездеспейді.
Бір тілдік екі ескерткіш тас. Бірінші бітіктасы көкшіл түстi гранит, оның бет жағында (Ха-1, 11 жол ) және қарсы жақ бетiнде (Ха-2, жол саны анық емес ) брахми-ескі санкскрит жазулы (тілі белгісіз) мәтін 0,1-0,2 мм тереңдікте қашалған. Екінші бітіктастың бет жағында (Хб-1, жол саны анық емес ) және қарсы жақ бетiнде (Хб-2, жол саны анық емес ) брахми-ескі санкскрит жазулы (тілі белгісіз ) мәтін қашалған.
Бірінші бiтiктастың биiктiгi – 1,54 м, енi-0,41 м, қалыңдығы-0,12-0,15 м. Екінші бітіктастың биіктігі - 1,61 м, енi-0,40-0,44 м, қалыңдығы-0,19-0,21 м.
1975 ж. моңғол археологы Д.Наваан тапқан88 . 1984 ж. Қ. Сартқожа кешеннің жалпы анықтамасын анықтап 2003 ж. «Орхон мұралары» кітабына бірінші бітіктастың суретін, анықтамасын жариялаған 89.
Н.Базылхан "Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері (Орхон, Ениесей, Талас)" //"Қазақстан тарихы түркі тілді деректемелерде" атты сериясы бойынша. II том. - Алматы: Дайк-пресс, 2005. - Б.51.