Bitig taš – бітіктас. Көне түрік бітікпен мәтін қашалынып жасалынған тас ұстын.
Түрік Елі дәуірінде дәстүрлі жазуы – түрік бітікпен тарихи өсиетті шежірелер, жоқтаулар т.б. мазмұнды арнайы мәтіндерді ұстын тасқа ұрғызып қашаған тас жазуларды атаған. Түрік Елінде бітіктас орнатудың өзіндік әдет-ғұрпы болды. Онда қаған, йабғұ, шад, тегін, тархан, чұр сияқты билік-төрелік иелеріне ғана арнап ерекше бітімді ұзын тасқа мәтін қалдыру ерік пен хұқық болды. Басқаша айтқанда қаған және йабғұ, шад, тегін, апа тархан, бойла баға тархан, іч бұйрық бек, елтебер, күл чұр, күл тархан, алтын тамған тархан, күл тұдұн, күл еркін т.б. 30 бек-атақтыларға (қытай деректері бойынша ірілі-кішілі 28 лауазым) ғана арнап “бітіктас” орнату әдеті болды. Бітіктасты көбінесе “йоғұ” жосыны кезінде киелі ескерткіш кешенінің күншығыс тарапына орнатқан.
| Тұңықұқ бітіктасы |
Сонымен қатар Күлтегін, Білге қағанға арналған бітіктастарында аталатын “беңгүташ” – мәңгітас атауы да кездеседі. Бұл “Өд Теңірі йасар, кісі оғұлы құп өлгелі төрүмүш” – Уақытты Тәңірі жасайды, кісі ұлдарының тиесі өлгелі тумысында-дүр жолдарындағы “дәстүрлі әлеуметтік болмыстың (үйреншікті әлеуметтік–мәдени космостың) қорғаныс қабілетінің әлсірегенін бейнелейтін болса керек” (Нұрсан Әлімбай Қазақтың өлікті жөнелтуге байланысты жосын-жоралғыларының этномәдени проекциясы // ҚР ҰҒА Хабарлары. Қоғамдық ғылымдар сериясы, 1994, №1 . 47-бетте). Басқаша айтқанда мәңгітас дегеніміз бітіктастың ырым-жосындық атауы.