Орхон аймағының ескерткіштері | |
|
|
|
Орхон
Моңғолияның Бұлғын, Арханғай, Өвөрханғай, Төв аталатын жерлерде табылған ескерткіштерде жазылған мәтіндер, ескерткіштердің суреттері, жаңғыртпалары бар. Барлығы 54 ескерткіш.
|
Н.Базылхан
Орхон бітіктастары мен ескерткіштері455 |
«...Культурный вес, цена этих каменных памятников дороже любого
золота, любой драгоценности, они бесценны... Наш долг сохранить эти каменные
книги, они принадлежат всему человечеству, не только тюркам. Это наша родная
история и в то же время - общечеловеческое достояние»
|
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ Моңғолия, 1975 ж." |
Түріктануда бүгiнгi Моңғолия жеріндегі көне түрiк бiтiктастар мен ескерткіштерді «Орхон ескерткiштерi» деп атау қалыптасқан. Оның өзіндік себебі бар. Өйткені Орхон өзенiнiң бойы Еуразиялық кеңiстiктегi далалық көшпелi өркениеттiң ұлы Хұн (қыт: Шиюнну) этносаяси бірлестігінің (б.з.б. 209 ж-б.з.II ғ.) орталығы-астанасы болды, одан кейінгі кезеңде Сянби (II-IV ғ.), Тоба, Жужан (IV-V ғ.), Түрiк Елі империясының (VI-IX ғ.), «ұйғыр» (IX ғ.) , «қырғыз» ( IX-X ғ.) этносаяси мемлекеттері мен Моңғол ( 1189-XIV ғ.) империясының негізгі ордасы, киелi қара шаңырағы, жер ұйығы – «Өтүкен» болып келген. Демек осы өңiр мыңдаған жылдар бойы далалық көшпелi төл табиғатының кiндiгi, сарқылмас бастау бұлағы болды. Сонымен қатар Орхон алқабы сан мыңдаған тарихи ескерткiштерге аса бай өлке." |
Орхон бітіктастары мен ескерткіштерінің кеңiстiк аймағы – Алтай, Хаңғай, Соен, Кентай тау жоталары, Гоби (қазақша-«қобы») шөл даласы және осы тау-жота, дала алқабындағы Орхон, Селеңгi, Туыл, Онгин, Керулен, Онон, Ханұй, Хүнүй, Тэс, Қобда өзендерiнiң бойы мен Көпсукөл, Қырғыс, Қарасу, Ұбсы көлдерiнiң жағалауы. Демек көне түрік бітіктастар мен ескерткіштері Моңғолияның шығысынан батысына, солтүстiгiнен оңтүстүгiне дейiнгi төрт тарабында кездеседi." |
Жалпы, Моңғолиядағы түрiк бiтiктастарының өзіндік ерекшелiгi олардың iрi ескерткіш кешендерде орнатылуы деуге болады. Ондай ескерткіш кешен құрамында кесене, бітіктас, тасбақа немес тұғыртас, бәдіздер, балбалдар ( саны 10 - 400 данадан астам), қорған, сандықтас және т.б." |
Түрік бітік мәтіндерін «бітікші» арнайы өңделген тастарда, зат бұйымдарда, тиын ақшаларда, жартастарда қашап түсірген. Кейбір жартастарда жоса бояумен жазылғандары да кездеседі. Ағашқа немесе қағазға жазылған көне түрік мәтін (Тұрпан ескерткіштері секілді) Моңғолияда әзірге табылмай отыр456 . Көк Түріктер дәуіріне байланысты Ордубалық, Байбалық, Тоғұбалық және т.б.жүздеген қала, ордалық қоныс мекендерінің орны айқындалғанымен бұл қалаларға қатысты археологиялық кешенді зерттеулер жоқ дерлік. |
Орхон бітіктастары мен ескерткіштерінің көпшілігі далалық көшпелі этносаяси бірлестіктердің қаған, йабғұ, чұр, тархан және т.б.билік иелерінің, түрік бекзаттарының құрметіне арналып жасалынған. Қарапайым халықтарға арналғандары да баршылық. Бұлар алғаш табылған жер-су атауларымен аталып, ғылыми айналымға енген еді. Ғылыми зерттеулердің нәтижесінде аталмыш бітіктастар мен ескерткіштер белгiлi бiр тарихи тұлғаға арналғаны анықталып, қазір оны сол тұлғаның атымен атау үрдісі қалыптасып келеді. Мысалы, Татпар қаған («Бугут ескерткіші» ), Бiлге қаған, Күлтегiн («Хөшөө цайдам ескерткіштері») , Тұңықұқ («Баян-цогт ескерткіші»), Ел етміш қаған («Могойн шинэ ус ескерткіші»), Күлі-чұр («Их хөшөөт» ескерткіші), Алтын тамған тархан ( «Их Асгат» ескерткіші), Күл тархан (« Ар ханан» ескерткіші) және және т.б." |
Негiзiнде Моңғолиядағы Орхон түрiк бiтiктастары мен ескерткіштері ғылыми айналымда толық анықталмауына орай негізінен оның табылған жер-су атымен аталып келедi." |
Орхон бітіктастары мен ескерткіштері тарихи мазмұны мен деректанулық тұрғыдан аса құнды. Онда Түрік Елінің саяси тарихы толықтай қамтылмаса да, едәуір дәрежеде хатталынып қашалған. Сондықтан орхон бітіктастары мен ескерткіштері ішінде ең ірісі Білге қаған бітіктасы мен Күлтегін бітіктасында көне түріктердің этносаяси тарихы, этномәдениеті және және т.б. жақтарына қатысты мол деректер бар. Одан кейін Тұңықұқ, Ел етміш қаған, Онгин (Ел етміш йабғұ) және т.б.бітіктастарда сол дәуірдегі этнотарихы және этносаяси жағдайлардан нақты мәліметтер кездестіруге болады." |
Көне түріктерде «мәңгітас» деген ырым жосындық ұғымы бойынша Түрік Елінің тарихы, келер болашаққа арналған өсиетті баяндамасы тасқа қашалып хатталды. Бір сөзбен айтқанда, сол замандарда-ақ «тастар сөйлей бастады» деуге әбден болады. Мұның айғағы Моңғолияның кең жазирасындағы бітіктастар, ескерткіштері соның куәсі екені сөзсіз." |
Орхон бойында көне түрік бітікпен қатар ежелгі үнді тектес брахми, соғды және т.б.жазу үлгісінде қашалған бірнеше ескерткіш табылған. Мәселен олардың ішінде Татпар қаған («Бугут») бітіктасындағы жазудан көне соғды мәтіні анықталынды. Ал Хүйіс толағай («Хүйіс толгой») бітіктасының сыры әлі ашылған жоқ, оның мәтіні қандай жазумен қашалғаны белгісіз." |
Сонымен қатар Моңғолияның кең алқабында, жартастарда қашалынған ірілі-кішілі көптеген жаңа мәтіндер табылып жатыр (Дэл-уул, Қара-қату (Эрээн-харганат), Ақ-шоқы, Өртең-бұлақ және т.б.)." |
Орхон бітіктастары мен ескерткіштері Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында, әкімшілік аймақтардың өлкетану музейілерінде сақтаулы. Ал ірі-ірі бітіктастар мен ескерткіш кешендер негізінен алғаш орнатылған жерлерінде тұр.457 |
1889 жылы Орыс патшалығы география қоғамының шығыс Сiбiр458 бөлiмшесiнен аттанған Н.М. Ядринцев басқарған экспедиция тобы Орхон өзенi бойындағы Күлтегiн, Бiлге қаған ескерткiш кешендерін, Қарақорым, Қарабалғасұн (Орду-балық) қала орындарын зерттедi. Сөйтiп, бұдан бұрын белгiлi Енисей бітіктастары және ескерткіштерімен қатар көлемi жағынан олардан үлкен Орхон бітіктастары мен ескерткiштерi таныла бастады. |
1890 жылы фин ғалымы А. Хейкел басқарған, 1891 жылы Орыс патшалық ғылым академиясының мәшһүр түркологi В.В. Радлов басқарған экспедициялары Орхон, Туыл, Селеңгi өзендерi бойындағы түрiк бiтiктастарды, ескерткiштердi зерттеп, бiрең-саран қазбалар жүргiзiп, бітіктас, ескерткiштердiң қағаз көшiрмелерiн (эстампаж), фотосуреттерiн алып қайтқан едi." |
1893 жылы даниялық тiлбiлгiрi (полиглот) В.Томсен түрiк бiтiктің оқылу кілтінің ережесiн ашты. 1894 жылы В.В.Радлов Күлтегiн, Бiлге қаған бітіктастардағы көне түрік мәтінді орысшаға, немiсшеге аударып, әйгілі «Орхон экспедициясының есептері» сериялық басылымдарына жариялады. Осындай ізденістер мен зерттеулер нәтижесінде ғылыми тұрғыдан түрiк бiтiктану саласының iрге тасы қаланды." |
1891 ж. Н.М. Ядринцев Онгин ескерткiш кешенiн, 1897 ж. Е.Н. Клеменц Тұнықұқ (Тоньюкук) ескерткiш кешенін алғаш рет тауып, бүкіл әлемге жария етті. Бұл шындығында Еуразиядағы түрік тектес этностардың төлтума тарихын, тілін, дүние танымын, этномәдени келбетін және т.б.сан-салалы қырларын зерттеуде жалпы әлемдік түріктануда іргелі-іргелі теориялық нақтылы қадамдар жасаудың бастамасы бола білді." |
Орхон ескерткіштерін зерттеуде 1909 ж. ұйымдастырылған Фин-угор ғылыми қоғамының Г.И. Рамстедт, С. Пелси басқарған экспедициясы көп еңбек сіңірді. Олар «Мойын-Чұр» бітіктасын «Тарималын хошуу ескерткiшi» деп атап және осы кешеннiң алғашқы жоспарлы кесте-суретiн жасады, сонымен қатар «Сужи» ескерткiштерiн де тауып зерттеді." |
1912 ж. әйгілі алтайтанушы ғалым В. Л. Котвич Күлi-Чұр ескерткiш кешенін іздеп тапты. 1923-1950 жылдары П.К Козлов, В.А. Казакевич, Б.Я. Владимирцов, Б.Б. Бамбаев, Д.Д. Букинич, Г.И. Боровка, К.В. Вяткина және және т.б. ғалымдар көне түрік дәуіріне байланысты ескерткіштерді іздестіру, анықтау мен зерттеуге байланысты жұмыстарды қолға алды." |
1956 ж. моңғол археологы Ц. Доржсүрэн «Бұғыт»- Татпар қаған ескерткіш кешенін, Тариат бітіктасын тапты. 1957 ж. Н.Сэр-Оджав басқарған экспедициясы Тұңықұқ ескерткіш кешенінде қазба жүргізген." |
1958 ж. Н. Сэр-Оджав, Л. Ийсл бастаған Моңғол-Чехословакия бiрлескен археологиялық экспедициясы Күлтегін ескерткiш-кешенінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргiзді. 1962 ж. Моңғолия-Польша бiрлескен экспедиция мүшесi Э.Трыярский Онгин бітіктастың үш сынық бөлшегiн тапты. 1974 ж. Моңғолия-Венгрия бірлескен экспедициясы көне түрік дәуірінің Гиндэн-булаг ескерткішіне қазба жұмыстарын жүргізді." |
Жалпы Моңғолиядағы көне түрік бітіктастары мен ескерткіштерді зерттеуде 1960, 1969, 1970, 1975, 1976, 1977, 1978, 1983, 1984, 1986, 1987, 1988, 1989 жылдары ұйымдастырылған бұрыңғы Кеңес Одағы-Моңғолияның бірлескен экспедициясының үлесі мол болды. Атап айтқанда, Е.И. Убрятова, Б. Базылхан, Н.Сэр-Оджав, С.Г. Кляшторный, Х. Лувсанбалдан, М. Шинэхүү, Ю.С. Худяков, В.Е. Войтов, В. В. Волков, В.А. Лившиц, Г.Сүхбаатар, Г. Мэнэс, С. Қаржаубай, Д. Баяр, Д. Цэвээндорж, Л. Болд, Ц. Баттулга және және т.б. ғалымдары археологиялық, тарихи, эпиграфикалық және басқа да жақтарынан кең көлемде зерттеулер жүргізді, біршама еңбектер жарияланды." |
Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштерінің мәтіндік зерттеулерін жаңадан қарастырған Моңғолия-Жапония бірлескен экспедициясы 1996-1998 жылдары «Моңғолиядағы тарихи жазбалар мен ескерткіштер» атты жобаны жүзеге асырды." |
2000-2001 жылдары моңғол археологы Д. Баярдың жетекшілігінде Білге қаған ескерткіш кешенінде Моңғолия-Түркия бірлескен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Осы қазбалар барысында көне түрік археологиясында сенсациялық жаңалықтар ашылды. Бұл Білге қағанның алтын тәжісі, күміс, асыл тастардан тұратын көмбесінің (2800 дана зат бұйымдар) табылуы еді." |
Орхон бітіктастары мен ескерткіштерін зерттеуге XIX ғасырдың 80 жылдардан бастап XXI ғасырға дейінгі кезенде Орыс патшалығы, Финляндия, Дания, Германия, бұрынғы Кеңес Одағы, Моңғолия, Ресей, Венгрия, Польша, Жапония, Түркия, Қазақстан және т.б.елдердің ғалымдары ат салысып келеді." |
Бұл орайда ерекше мақтаныш сезіммен атап өтетін тарихы оқиға деп 2001 жылы мамырдың 18-күні Қазақстан Республикасының ордасы Астанада Күлтегін бітіктасының ғылыми (жаңа технологиялық) көшірмесі орнатылуын айтар едік.459 |
Жалпы Орхон бітіктастары мен ескерткіштері археологиялық, этнографиялық, тілдік, мәтіндік, археографикалық және т.б.этносаяси, этноәлеуметтік, этномәдени тұрғыдан көптеген жайттарды анықтауға мол септігін тигізетін аса мол мұралар болып табылады." |
|
|
|
|