Этномәдени сөздік
Ұсынылып отырған этномәдени сөздікте көне түрік сөздері мен оның этнографиялық тұрғыдан түсіндірмесі берілген. Әрбір сөздің көне түрікше жазылуы, транскрипциясы және қазақ тілінде қолданысы мен түсіндірмесі бар. Сол сөз кездесетін ескерткіш аттарының тізімі, сол сөз кездесетін жол мен онық транскрипциясы (мәлімет қорында бар болса) қазақша, орысша, ағылшынша аудармалары шығады.
Сол жақтағы таңбалардың бірін таңдасаңыз, сол таңбадан келетін сөздердің тізімі шығады. Шыққан тізімнен бір сөзді таңдағанда сол сөздің түсіндірмесін көресіз.
Этномәдени сөздік мына этнографиялық деректемелерге қатысты мәліметтер береді:
Көне түрік кезеңіндегі атақ, дәреже, атау және т.б.
- Көне түрік киелі ескерткіш кешендері (бітіктас, тасмүсін (бәдіздер), қорған (барық), балбал т.б. кешендік сипаттағы материалдар).
- Көне түрік қалалары, мекендік орындары.
- Көне түрік жартас суреттері, таңбалар, жазулар.
- Көне түрік дәуірінің басқа материалдары (кездейсоқ табылымдар).
Түрік Елі туралы сөз болғанда, VI-XII ғасырлардағы түріктердің тіршілiк қам жүйесі, жосын жоралғылары, салт дәстүрлері қандай болды деген секілді этнографиялық ілімі төңірегіндегі сұрақтарға жауап беру қажет. Онсыз біз, сол дәуірлердегі этнографиялық болмыстан бейхабар қаламыз деген сөз. Демек, байырғы түрік этнографиясы дегеніміз қазақ этнографиясының ата -, баба-, прото- түріктік табиғатына байланысты, жалпы түрік тектес этностар кеңістігінде диахрондық тұрғыдан қаралуға тиісті саласы, сөйтіп қазақтың байырғы ата-бабалық дәстүрлі жолдарды зерттеу, бір сөзбен айтқанда тарихи этнографияның еншісіндегі зерттеулер.
Түріктану Орыс патшалығы дәуірінде ғылыми жүйелі ілім ретінде мәшћүр түріктанушы В.В. Радловтан бастап қалыптасқан деп танысақ та, көне түрік этностар туралы олардың бітім болмысын зерделеу ісі сонау қытай тарихшы, саяхатшыларға тиесілі болып табылады. Өйткені дәл сол дәуірлер жайында славян, парсы, араб, грек, византия, үнді т.б. деректерінен гөрі қытайша жылнамалары, тарихи белгілеулері бізге көп мәлімет жеткізді. Бұлар шетел тілдеріндегі деректер санатында, ал Түрік Елі дәуірінен ұласып жеткен, сақталып қалған археологиялық т.б. деректер де аса мол. Демек сол дәуірге қатысты деректанулық негіздерді мынадай түрде қарастыруға болады :
I Түрік Елі дәуірінің археологиялық, жазба (бітік) т.б. деректері.
II Түрік Елі дәуірінен бүгінгі түрік тектес (әсіресе көшпелі) этностарда ұласып жеткен сарқыншақ-реликт деректері.
III Түрік Елі дәуірінде хатталған шетел тілдеріндегі жазба деректері.
Түріктерге тән археологиялық деректер аса мол табылған, жаңадан қазылып зерттеліп те келеді. Дегенмен қазірге дейін айқындалған археологиялық материалдарды шолып келгенде Түрік Елі дәуірінің біртұтас этнографиялық келбетінен толыққанды хабардар болдық деп айту әлі ертерек. Әрине түріктердің күнделікті қолданыстағы этнографиялық бұйымдардың барлығы табылады деу қисынсыз және де олардың жосын-жоралғылары, әдет-ғұрыптарын археологиялық қазбалар нәтижесінде толық айқындау жеткіліксіз.
Жалпы, көне түрік дәуірін хронологиялық, этномәдени, этносаяси тұрғыдан пайымдау үрдісі бар (Д.Г. Савинов ).
Түрік Елінің біртұтас бүтін болмысы – классикалық номадизм (классикалық көшпелі “социум”) деп танылып, дәл осы дәуірлерде өзінің толық бітімін бекіткен деген тұжырым шындыққа жақын деп білеміз.
Көне түрік археологиясының бүгінгі жетістіктеріне өте қысқаша тоқтала кетсек дейміз. Қазірге дейін археологиялық қазба жұмыстарының іргелі зерттеу еңбек қатарына, әлбетте, “Еуразия даласы ортағасырларда” атты (“Степи Евразия в эпоху средневековья” ) ұжымдық туынды кіреді. Мұнда б.з. IV-XIV ғасырлардағы Орта Азия, Сібір, Шығыс еуропа, Еділ, Солтүстік Кавказ өңірлерінде жүргізген археологиялық зерттеулердің қорытындысы тиянақталған. Өкінішті сол, бұл еңбекте Түрік Елінің ордалық кіндігі, қара шаңырағы Орхон, Селеңгі, Туыл өзен аңғарларының яғни қазіргі Моңғолия жерінің , сонымен қатар Ордос (Ішкі Моңғолия), Қытай, Шығыс Түркістандағы археологиялық қазба зерттеулері ескерілмей қалған.
Сондықтан түрік өркениетінің археологиялық зерттеулері әлі де бір жүйе бойынша топтастырылып тиянақталды деп айта алмаймыз. Мәселенің күрделігі де бар. Еуразия кеңістігінде кең тараған көне түріктердің археологиялық деректерін қазбалауға да уақыт мерзім қажет екені сөзсіз. Бұған қоса көне түрік археологиясының шашыраңқы материалдары мен нақтылы осы салалық мамандарын да ескеру керек. Демек осы саланың алдағы уақыттарда жаңалықтары мол болатындығы белгілі, жаңа теориялық тұжырымдар пысықталады деп сенеміз.
|