|
Көне түрік ескерткіш мәтіндері |
|
Күлтегін бітіктасының I бетіндегі мәтіні
(I . 1- 40 жол)
(қазақ тіліндегі мағынасы)
Жоғарыда Көк Тәңірі,
Төменде қоңыр Жер жаратылғанда
Екеуінің арасында адам баласы жаратылды.
Адам баласын билеп ата-бабам Бұмын қаған, Естемі қаған отырды.
Олар билік етіп
Түрік халқының Елдігін, төрелігін ұстай білді, жетілдіре білді.
Төрт тараптағылар барлығы жау болған еді, оларға найзалы әскер аттандырып
төрт тарап барлық халықты бағындырды, барлығын тыныш етті.
Басы барлардың басын игізді,
Тізесі барлардың тізесін бүктірді.
Күншығысқа Қадырқан- тау орманға дейін,
Күнбатысқа Темір Қақпаға дейін жорытқан еді.
Осы екі аралығында иесіз, биліксіз жүрген
Көк Түріктер отырған еді.
Білікті қаған еді. Ұлы алып қаған еді.
Бұйрықтары (бұйрық орындаушылары) да білікті еді. Олар да алып еді.
Бектері де, халқы да түзу адал еді.
Сондықтан Елді осылайша басқара білген еді.
Елді басқарып, Төрелік билік орнатты.
(Ол бекзаттар) жоғарыға (Тәңіріге ұшты ) қайтыс болды.
(Оларды) жоқтаушы, жылап сықтаушылар
Күншығыстан Бөклі Шөлді елінен (Корея түбегінен)
Табғач-қытайдан, Аварлардан, Римнан,
Қырғыздан, Үш Құрықаннан
Отыз Татардан, Қытаңнан, Татабылардан
Осыншама халықтан (өкілдері) келіп
жоқтауға, аза тұтуға қатысты.
Олар атақты қаған еді.
Олардан кейінгі інілері қаған
болған еді.
Ұлдары да қаған болған еді.
Сонда інілері атасындай жаратылмады,
Ұлдары әкесіндей жаратылмаған еді.
Біліксіз қаған болып отырған екен.
Қорқақ қаған болып отырған екен.
Бұйрық орындаушылары да біліксіз, қорқақ болған екен.
Бектері және халқы да адалсыздықпен жүрді.
Қытайларға басындырып,
Оларға арбалғандығы үшін
інілі әкелі кектесіп жауласып,
текті бек мықты халықты тоздырып,
Түрік барлық халықты бытыратып,
Елін бұзып, елдігінен айырып,
Қағандықты орнатқан қағандарын жойды.
Қытайларға
Бек мықты ұлдарың құл болды,
сұлу қыздарың күң болды.
Түрік бектері Түрік атын ұмытып,
Қытайсымақ бектер болып,
Қытай аттарын ала бастады,
Қытай патшасына бағынды,
елу жыл қытайға ісін күшін берді, қызмет етті.
Күншығысқа қарай
Бөклі қағанға дейін соғысты.
Батысқа қарай
Темір Қақпаға дейін соғысты.
Қытай патшасына
Елін, төрелігін билетті.
Түрік қалың халық
сонда бүй деген екен:
« Елді халық едім.
Елім енді қайда?
Елімді кімге берермін?
Қағанды халық едім.
Қағаным енді қайда?
Қай қағанға ісімді, күшімді берермін?» деген екен.
Сөйтіп, Қытай патшасына жау болды.
Жау болып, қарсы көтеріліп,
тағы да бағынды, құрып бара жатты.
Осыншама ісін, күшін бергеннен бері түсінбеді, сақтанбады
Түрік барлық халық азып тозып, ұрпақсыз болып жойыла бастады.
Сонда жоғарыдағы
Түріктің Тәңірісі, Түріктің киелі Жер-суы бүй деген екен:
«Түрік барлық халық жоқ болмасын деп, халық болсын деп»
Әкем Елтеріс қағанды
Шешем Елбілге қатұнды
Тәңірі төбесіне көтеріп,
жоғары таққа отырғызған еді.
Әкем қаған он жеті батыр ерді жинады,
жорыққа аттанды деп күллісі естіп,
қаладағылар далаға беттеді,
таудағылар таудан түсіп,
жиналып жетпіс батыр ер болды.
Тәңірі күш-қуат берді,
әкем қаған жауынгерлері
бөрі-қасқырдай болды,
жаулары қойдай болды,
ілгері, кері соғысып жиналғаны
жеті жүз ер болды.
Жеті жүз ер болып
елсіреген, қағансыраған халықты
күңденген, құлданған халықты
Түрік төрелігі, азып-тозған халықты
Ата-бабамның төрелігіндей етіп жаратты жасақтады.
Төлес, Тардұш деген екі қанат халықты сонда орнатты. (Ол екеуін)
Йабғұ, Шад деген екі билікке берді.
Оңтүстіктегі Қытай халқы жауымыз еді.
Солтүстіктегі Баз қаған билеген Тоғұз Оғыз халқы да жау еді.
Қырғыз, Құрықан, Отыз Татар, Қытаң,
Татабы бәрі де жау еді.
Әкем қаған бұнша.......
қырық жетіден астам жорық жасады,
жиырма рет соғысты.
Тәңірі жарылқап,
Елдікті ел етіп орнатты,
қағандықты қаған етіп орнатты.
жауды басып, тыныш етті,
тізесі барлардың тізесін бүктірді,
басы барлардың басын игізді.
әкем қаған..................................................
төрелікті қалпына келтіріп, (Тәңіріге) қайтыс болды.
Әкем қағанға арналған балбалдарды (тас тізбектерді)
Баз қағандікінен бастап тікті.
Ол төреліктің үстінде атам қаған отырды.
Атам қаған отырып
Түрік халықты
барынша жақсы жетілдірді,
кедейді бай етті, азды көп етті,
Әкем қаған отырғанда
өзім Тардұш қанат халқына шад болған едім.
Әкем қағанмен бірлесе
Оңтүстікке қарай Жасыл өзен (Сары өзен-Хуанхэ) Шантұң жазығына дейін соғыстық,
күнбатысқа қарай Темір Қақпаға дейін жорық жасадық.
Көгмен (Саян) тауын асып Қырғыз жеріне дейін жорық жасадық.
Барлығы жиырма бес рет жорық жасадық. Он үш рет соғыстық.
Елдікті ел етіп орнаттық,
Қағандықты қаған етіп сайладық,
тізесі барлардың тізесін бүктірді,
басы барлардың басын игізді.
Түргеш қаған
өз түрігіміз, өз халқымыз еді, олар білмегендіктен,
бізді «жау» деп жаңылғандықтан қағаны өлді.
Бұйрық орындаушлары мен бектері де өлді.
Он-оқ халқы қиыншылық көрді.
«Ата-бабамыз мекен еткен, билік еткен
Жер-Су иесіз болмасын» деп,
аз халықты жинап....................................
... Барысбек еді.
(Оған) қаған атағын, сонда біз бердік,
Сіңлімді ханшайымымызды, біз бердік.
Тақтағы қағаны жаңылып, өлді, халқы да күң, құл болды.
Көгмен жер-суы иесіз қалмасын деп,
Аз Қырғыз халықты
жарат...........................................
жаңа(дан) біз бердік.
Күншығысқа қарай Қадырқан-тау орманын асып
халықты соншама мекен еттік, соншама орнаттық.
Күнбатысқа қарай Кеңү-Тарманға дейін
Түрік халқын соншама мекен еттік, соншама орнаттық біз.
Ол кездерде құл құлдықта болған,
күң күңдікте болған еді.
інісі атасын білмеуші еді,
ұлы әкесін білмеуші еді.
Сонша тыныш еткен еліміз төрелігіміз бар еді.
Түрік Оғыз бектері халқы естіңдер!
Жоғарыда Тәңірі баспаса
Төменде Жер айырылмаса
Түрік халқының Елін, төрелігін
кім бұзар....
/.........Түрік халық .........../
Өкін! Жиналғанын үшін
Білікті қаған болған еді.
Игі Елің өзі жаңылды,
Қорқақ куыстай болды енді,
Қарулы қайдан келіп, тағы да басынды,
Найзалы қайдан келіп, шанышып өтті,
Ұйық Өтүкен жері / түрік/... халық мекен еттің
Күншығысқа қарай жеткенінше
жеттіңдер,
Күнбатысқа қарай жеткенінше жеттіңдер,
Жеткен жерінде игілік болды ма?
Қандарың суша ақты
Сүйектерің тауша үйілді
Бектік ұлдарың құл болды
Сұлу қыздарың күң болды
Білместіктен, қорқақтықтан болар!
Атам қаған қайтыс болды.
...бас етіп,
Қырғыз қағандікінен балбал тікдім.
Түрік халықының
ат-атағы жоқ болмасын деп,
әкем қағанды
шешем қатұнды таққа көтердік.
Тәңірі Ел беруші
Тәңірі Түрік халқының
Ат-атағы жоқ болмасын деп,
/өзіміз ол Тәңірі .../
қаған отырғызған еді.
Мықты халыққа ие болып отырмадым
Ішінде ас-тамақсыз (қарны аш)
Сыртында тон-киімсіз (киімі жоқ)
Жабайы, қорқақ халық кезінде таққа отырдым.
Інім Күлтегінмен бірге сөзге бекідік.
Әкеміз атамыз орнатқан
Халықтың ат-атағы жоқ болмасын деп
Түрік халқы үшін
Түнде ұйықсыз жорыттым
Күндіз күлкісіз жорыттым
Інім Күлтегінмен бірге
екі шад бірлесе отырып,
өліп-тіріліп елдікті орнаттық.
Сонша орнатып
біріккен халықты от-судай қас етпедік.
/мен....................жер жерден / бар еді.
Халық өлі-жітіп жаяу-жалаңқай тағы да келді
халықты игі етейін деп
солтүстіктегі Оғыз халыққа қарай
күншығыста Қытаң, Татабы халыққа қарай
оңтүстіктегі Қытайға қарай
ұлы жорық он екі реті жасадым, соғыстым.
Содан Тәңірі жарылқап
құтым бар үшін
үлесім бар үшін
өлермен халықты тірілтіп жеткіздім
жалаңаш тозған халықты тонды
кедей халықты бай қылдым
аз халықты көп қылдым
ығы-жығы (абыр-сабыр) Елдікті қағандыққа жеткіздім.
төрт тараптағы халықты көп тыныштық еттім
жаусыз қылдым, көпшілігі маған бағынды.
істі күшті берер осыншама
төрелікті орнатып беріп
Інім Күлтегін, өзі сөйтіп қайтыс болды.
Әкем қаған қайтыс болғанда, Күлтегін
жеті жаста қалды.
Ұмай текті шешем қатұнның құтымен
інім Күлтегін ер атты болды (батыр ер атанды).
Он алты жасында әкем қаған
Елін төрелігін сонша орнатты.
Алты Чұб (өлке) Соғдыларға қарай
Жорық жасадық, оларды қираттық.
Қытайлық Он-Тұтық бес түмен (елу мың)
әскерімен келді, (олармен) соғыстық.
Күлтегін жаяулыларына қарсы шапты.
Он-Тұтық Йорчынды қарулы қолымен бағындырды.
Қарулыларымен қағанға енші етті.
Ол әскерлерді сонда жоқ қылдық.
Жиырма тоғыз жасында
Чача-Сүнкеге қарсы соғыстық.
Әуелі Тадқыш-Чұрдың боз атын мініп шапты, ол ат сонда өлді.
Екінші Ышбара Йамтардың боз атын мініп шапты, ол ат сонда өлді.
Үшінші Йеген Сілбектің кежімді торы атын мініп шапты, ол ат сонда өлді.
Сауытына, желмесіне жүзден астам
оқ тиіпті, бетіне, басына бір тимеді.
Шабуылды Түрік бектер көп білерсіздер!
Ол әскерді сонда жоқ еттік.
Содан кейін Байырқұ жеріндегі Ұлық Еркін жау болды.
Оны тағы Түргі Йарағұн көлінде талқандадық.
Ұлық Еркін азғана ерін жинап қашты.
Күлтегін ……………………………….
жасында Қырғызға қарай жорық жасадық.
Найза батар, қалың қарды сөгіп
Көгмен тау-орманын айнала жорытып
Қырғыз халқын қуалай бастық.
Қағанымен Сұңа тау-орманында соғыстық.
Күлтегін Байырқұдың /ақ айғырын/
мініп ұмтыла қарсы шапты.
бір батырын оқпен атты, екі батырымен айқасып шаншып өлтірді.
Ол шабуылдағанда Байырқұдың ақ айғырының бел-ұршығы үзілгенше сермепті.
Қырғыз қағанын өлтірдік,
Елін бағындырдық, ол жылы Түргеш ............
доғалай Ертіс өзенді кешіп өтіп жорыттық.
Түргеш халқын қуып отырып бағындырдық.
Түргеш қаған әскерлері Болчұ жеріне
қаптап, қалың болып келді, (олармен) соғыстық.
Күлтегін Башғұдың боз атын мініп Башғұдың боз аты ..........тіресті...
екеуін өзі басып жеңді, содан тағы да шабуылдап кіріп
Түргеш қағанның бұйрық орындаушысы
Аз тұтұқты әскери қолымен ұстап алды.
Қағанын сонда өлтірдік, елін бағындырдық.
Қара Түргеш халықтың көбі бытырап қашты,
Ол халықты Табарда/ қо............../
Соғды халқына шауып жетеміз деп Інжу (Сырдария) өзенді өтіп,
Темір Қақпаға дейін жорық жасадық.
Сонда кері Қара Түргеш халық жау болған екен.
Кеңереске қарай жеттік.
Біздің найзалы әскерлердің аттары арық, азықтары жоқ еді
Қорқақ кісі ер..................................
алып батыр ер бізге шапқан еді
сол кездерде өтініп,
Күлтегінді аз батырларымен шабуылдаттық
Ұлы соғыс жасадық.
Алып Шалчы ақ атын мініп шапты,
Қара Түргеш халықты сонда өлтіріп, бағындырдық.
Жорытып....
Күлтегін бітіктасының II қапталындағы мәтіні
( II. 1-15 жол )
.............бірлесе Құшы-Тұтықпен соғыстық,
батыр ерлерін көп өлтіртіпті.
Киіз үйін, барлық мүлкін көп әкелді.
Күлтегін жиырма жеті жасында
Қарлұқ халқына жетіп барды
Олар жау болды.
Тамақ Ұйық басынlа жорық жасадық.
Күлтегін ол соғыста отыз жасар еді.
Алып Шалчы ақ атын мініп шапты.
Екі батырын қуалай шанышды,
Қарлұқты жеңдік, басып алдық.
Аз халық жау болды,
Қара көлде жорық жасадық.
Күлтегін отыз бір жасар еді.
Алып Шалчы ақ атын мініп шапты
Аз Елтеберді тұтқындады,
Аз халық сонда жоқ болды.
Атам қаған
Елі қарбалас болғанда
Халық, Елі екіге бөлінгенде
Ізгіл халықпен соғыстық.
Күлтегін Алып Шалчы ағын мініп
/шапты/ ол ат сонда құлап түсті.
Ізгіл халық өлді, жойылды.
Тоғыз Оғыз халық өз халқым еді.
Тәңірі Жер бұзып жібергендіктен жау болды.
Бір жылда бес жолы соғыстық.
Ең ілкі (әуелі) Тоғұ балықта соғыстық.
Күлтегін Азман ағын мініп
ұмтыла шапты. Алты батырын шанышды
Әскер сыртында жетінші батырды қылыштады.
Екінші Құшлықықта Едізбен соғыстық.
Күлтегін Аз қоңырын мініп
ұмтыла шапты, бір батырын шанышды.
тоғыз батырын иіре бас игізді.
халқы сонда өлді, жойылды.
үшінші Болчұда
Оғызбен соғыстық.
Күлтегін Азман атын мініп шапты,
шанышды. Ұчұш басында соғыстық.
Түрік
Халық Адыр Қамыста қорқақ болып еді. Үстінен түскен әскерлерді
Күлтегін бытыратып, Тоңра деген бір ру
алпауыт он батырын, Тоңра тегін жоқтауында иіріп өлтірдік.
Бесінші Езгенті Қадызда Оғызбен соғыстық.
Күлтегін Аз қоңырын мініп
шапты, екі батырын шанышды
қалаға бармады, оған жетпей ол әскер сонда өлді, жойылды.
Мағы Қорғанда қыстап, жазында
Оғызға қарай әскер жібердік.
Күлтегін киіз үйді бастап сақтап отырды.
Оғыз жауы орданы басты.
Күлтегін
«Өгсіз» («анасыз жетім») ағын мініп, тоғыз ерін
шанышды. Орданы бермеді .
Анам қатұн (ханшайым), одан кейінгі аналарым
Енелерім, келінім, ханшайларым
Мұнша тағы тірідей күң болар еді.
Өлікке кетіп жолда жата қалар еді
Күлтегін жоқ болған болса бәріміз өлер едік.
Інім Күлтегін жетпестей болды (қайтыс болды).
Өзім сағынып қайғырдым.
Көрер көзім көрместей,
Білер білігім білместей болды.
Өзім сағынып қайғырдым.
Өд (ажалды) Тәңірі жасайды
Кісі ұлы бәрі өлгелі туған екен.
сонша сағындым
Көзден жас ағып тоқтамай
Көңілде уайым тұрып тарқатылмай
Үнемі сағындым (еңіредім)
Қатты сағынып қайғырдым
Екі шад, одан кейінгі інішектерім,
ұлым, бектерім, халқымның
көзі қасы қорқақ болар-ау
деп қайғырдым, сағындым.
Жоқтаушы сықтаушы
Қытаң, Татабы халықты бастап
Ұдұр Сеңүн келді.
Табғач қағаннан (қытай патшадан) Ісійе Лікең келді.
Бір түмен жібегі, алтын, күміс,
өлшеусіз әкелді.
Түпіт қағаннан Бүлүн келді
Кері күн батысдағы
Соғыд, Берчекер, Бұқарақ
Ұлыстың халқынан
Інек сеңүн, Оғұл тархан келді
Он Оқ ұлым
Түргеш қағаннан
Мақрач таңбашы, Оғыз Білге таңбашы келді.
Қырғыз қағаннан Тардұш Інанчұ-чұр келді
Барық (ғұрыптық кешен) жасаушы, бәдіз жасаушы, бітіктас жасаушы
Табғач қағанның жиені Чең-сеңүн келді
Күлтегін қой жылы он жетісі күні (Тәңіріге) ұшты (қайтыс болды).
Тоғызыншы айдың жиырма жетінші күні
жоқтау жосынын жасадық.
Ғұрыптық кешенін, бәдізін, бітіктасын
мешін жылы жетінші айдың жиырма жетісінде
тұрғыздық.
Күлтегін өзі қырық артық жеті жасында болған-ды.
Тас кешенін, осынша бәдізшілерді Тұйғын
Елбетер әкелді.
Мұнша бітік бітіклеуші (жазу жазушысы)
Күлтегіннің аталығы Йолұқтегін бітікледім (жаздым).
Жиырма күн отырып бұл тасқа бұл белгіні бәрін
Йолұғтегін бітікледім ( жазып қашадым).
Жылар ұлдарыңыздан, тұйғындарыңыздан
игі де игі -дүр еттік,
ұшырып жеткіздік.
Тәңірі тірілерін қорғағанша !
кері жақтан ................еді
Інім Күлтегін өлді....................
істі күшті берген үшін
Түрік Білге қаған жоқтауына
інім Күлтегінге көзші(қараушы күзетші) отырғыз/дым/.....
Іненчү Апа Йарған Тархан атағын бердім/................?/
Күлтегін бітіктасының III қапталындағы мәтіні
( III. 1-15 )
Тәңірiтек Тәңірiден болған
Түрiк Бiлге қаған
бұ шаққа отырдым,
сап сөзiмдi түгел есiтіңдер, иiліңдер !
кейінгі iнiшектерім, ұлым,
бiрiккен оқ-руым, халқым!
бергi (оң қол) шад апататр бектер
арғы (сол қол) тархандар бұйрық бектер
Отыз …………………………
Тоғыз Оғыз бектерi халқы!
бұл сап сөзімді
игiлікпен есiт !
қатты тыңда !
ілгерi (алдыға) күн шығысқа
бергi (оң жақ ) күн ортасына (оңтүстікке қарай)
керi жаққа қарай күн батысына
арғы (сол қол ) жаққа қарай түн ортасына (солтүстікке)
cонда (осы) iшіндеіг халықтың бәрі
маған тобымен ерген, осынша халық!
бәрін көп еттiм,
осы сөздерімде қателік (аңқаулық) жоқ !
Түрiк қаған Өтүкен тауында
отырса, Елде мұң жоқ
Шығысқа Шаңтұң жазығына дейін жорық жасадым. Теңiзге сәл жетпедім.
Оңтүстікке Тоғыз Ерсенке дейін жорық жасадым.
Тибетке сәл жетпедім.
Батысқа Йенчү (Iнжу) өзендi
кешіп, Темiр Қақпаға дейін жорық жасадым.
Солтүстікке Жер Байырқұ жерiне
дейін жорық жасадым. Мұнша жерге дейін жорыттым.
Өтүкен тауында жақсы иесi жоқ екен
Ел тұтар жер Өтүкен тауы екен
бұ жерде отырып,
Қытай халқын да
жөнге келтірдім.
Алтын, күмiс, арақ, асыл затты шексiз
сонша беріп жатқан қытай халқының
сөзі сүйкімді
жібегі жұмсақ екен.
Сүйкімді сөзімен, жұмсақ жібегімен арбап
Алыстағы халықты сонша үйір етіп тартар екен.
Жақын қоныстанған соң,
Аңқау адамды өзіне сонша үйір етеді екен.
Игi бiлiктi кiсiні, игi алып кiсiнi жолаттырмайды екен.
Бiр кiсiні жаңылдырып руына, халқына тіпті бесігіне дейін құртып жояды екен.
(Қытайдың ) сүйкiмдi сөзi, жұмсақ жібегіне арбалып, барлық Түрiк халқы өлдің!
Түрiк халық өлмес үшін
Оңтүстікте Шұғай тауы Түгелтен
жазығына қонайын десер
Түрiк халқын өлермендей етіп
Аңқау кiсiні сонша азғырар екен !
«Жырақ алыс болсаң жаман жібек берер,
Жақын болсаң жақсы жібек берер»
деп сонша азғырған екен.
Білік білмес кісі ол сөзге еріп, жақындап барып бәрі өлді.
ол жерге қарай барса
Түрік халық өлерсің
Өтүкен жерінде отырып
Олай-бұлай кенеліп жүрсең мұңын жоқ ғой!
Өтүкен тауында отырсаң
мәңгі Ел ұстап отырушы едің!
Түрік халқы, тоқ таза болыпсың!
аштық тоқтықты ойланбассың!
бір тойсаң аштықты ойланбассың!
соншалықтығын
үшін игі еткен
қағанның сөзін алмадың!
Жер-сай салаға кете бардың!
көп сонда арыдық, шаршадық!
сонда қалғаны Жер-сай салаға көп тұрып
өлі-жіті халге жеттің!
Тәнірі жарылқадығын үшін
өзім құтым бар үшін қаған (тағына) отырдым.
Қаған болып
Жоқ шығай халқты көп өзгерттім.
Шығай-кедей халықты бай қылдым
Қандай халықты ұлғайтып көбейттім.
Айтар бір ауыз бұл сап-сөзімде игі бар ғой!
Түрік бектер халық бұны естіңдер!
Түрік халқын жинап теріп,
Ел тұтсақ деп оны бұнда тасқа ұрдым .
Жаңылып өлерсің ! және
мұнда ұрдым
Қандай сөзім болса мәңгі тасқа ұрдым!
Содан көре біліңдер!
Түрік ендігі халқы, бектері !
Бұл шақта көруші бектер де
жаңылғандарыңмен мәңгі тасқа ұрдым!
Қытай қағаннан бәдізші келтірдім.
Бәдіздеттім.
Менің сөз саптауымды сыйдырды!
Қытай қағанның ішкі бәдізшіcі
келіп қатысты
Оларға ажарлы барық(кешен) жараттырдым
Ішіне сыртына ажарлы бәдіз ұрғыздым.
Тас тоқытдым, көңілдегі сап-сөзімді
/ол тасқа ұрғыздым .
Он оқ ұлыңа
ат аттарыңа дейін көріп біліңдер!.
Мәңгі тас тоқытдым
Бұл тұрақты жері жазық.
Батыр ер тұрақты жерінде болса екен деп,
Тұрақты жерде мәңгі тас тоқытдым.
бітікледім (жаздым) оны көріп сонша біліңдер!
ол тасқа /тоқытдым/
бұ бітік бітіклеуші (жазушы) аталығы Йолығте/гін/
Күлтегіннің алтынының күмісінің жібегінің
барлығының төр....................................мал қарасын
жоқтауым тұяғы (жылқысы) ............................
................................................................................
бұ...........................................................................
бегім тегін /йүгүрү?/
Тәңірі.................................................................
тас бітікледім Йоллығтегін........................
Тасбақа тұғырының бүйрігіндегі мәтін( IV. 1-7 )
Халық...........................
Бектер халық.......................
.................. Күлтегін бі................
.........................басдым.......................
...өзім.......................
..өлер........................................
|
|
|
|
Электронды тарихи-мәдени қордың негізі "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасының "Шығыстану секциясы" Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты тарапынан 2005 жарияланған "Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері" сериясының 2-томы
"Н.Базылхан "Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері (Орхон, Ениесей, Талас)" Алматы: Дайк-Пресс. 2005, 252 б. +144 бет жапсырма" атты ғылыми еңбек болды.
Ғылыми редакторлары: т.ғ.д., проф. М.Қ.Әбусейтова,
ф.ғ.д., проф.Б.Бұхатұлы.
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры т.ғ.д., проф. Меруерт Қуатқызы Әбусейтоваға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіреміз.
|
|